СҚО-да қай салада ең көп қаржылық заң бұзушылықтарға жол беріледі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 58 аудиторлық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 192,8 млрд теңгеге заң бұзушылықтар анықталды.

коммуналдық сектор
Фото: Табиғи монополияларды реттеу комитеті

СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, қаржылық заң бұзушылықтардың үлесі — 7,8 млрд теңге.

— Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі салаларында ең көп қаржылық заң бұзушылықтарға жол беріледі. Көбінесе орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу, сондай-ақ техникалық талаптарға сәйкес келмейтін тауарларды сатып алу фактілері анықталды, — дейді департаменттің бөлім басшысы Айгүл Ширажиева.

Қабылданған шаралардан кейін 7,8 млрд теңге ақшалай төлеу, жұмыстарды орындау және қызмет көрсету жолымен жойылды. Сонымен қатар, заң бұзушылықтарға жол берген 64 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Заңнамаға сәйкес департамент 658 әкімшілік іс қозғап, жалпы сомасы 65,6 млн теңге болатын айыппұл салды. Бұдан бөлек, департамент білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт саласындағы еңбекақы төлемдеріне мониторинг жүргізді. Мониторинг барысында жеке тұлғалардың банктік шоттарына жалақы, демалыс және сауықтыру жәрдемақылары, сондай-ақ 23 млн теңге сыйақылар түрінде бюджет қаражатының артық аударымдары анықталып, ол толық қайтарылды.

— Аудиторлық тексерулер барысында бюджет қаражатын ұрлау фактілері де анықталды. Мысалы, Мағжан Жұмабаев ауданының Жастар ресурстық орталығының бухгалтері 19 млн теңге қаражатты жымқырған. Құқық қорғау органдарына аудит материалдары берілді. Сот үкімімен бухгалтер кінәлі деп танылып, залалдың бір бөлігі бюджетке қайтарылды және ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды, — дейді Айгүл Ширажиева.

Бүгінде департамент заңбұзушылықтардың едәуір бөлігін мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректерін талдау негізінде нысандарға бармай-ақ анықтайды, бұл тексерілетіндермен байланысты азайтуға және аудиторлық шешімдер мен тұжырымдардың объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, ішкі мемлекеттік аудит дәлірек, технологиялық және қоғамдық мүдделерді қорғауға және бюджет қаражатын мақсатты пайдалануға бағытталған.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау мен білімге бөлінген қаражатты жымқырғандарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажеттігін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум