СҚО-да қаза тапқан полицейлер мен әскерилерді еске алуға арналған волейболдан турнир өтуде

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда волейболдан биылғы қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілерді еске алуға арналған турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері арасында өтіп жатқан турнир үш күнге жалғасады. Жарыс Петропавлдағы «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының облыстық филиалының базасында ұйымдастырылған.

Қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілерді еске алу турнирі Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізіліп жатыр. СҚО-да іс-шараға облыстық полиция ведомствосының басқармалары мен бөлімдерінен 100-ден аса погондағы спортшы қатысты.

Турнирді ашқан облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, қаңтар айында тәртіпті қамтамасыз еткен полицейлер мен әскери қызметшілер ерлік көрсетіп, ең қымбат – өмірлерін аямады. Өзінің кәсіби борышына адал болу, дәстүрлерді сақтау және жалғастыру жас құқықтық тәртіп сақшыларын тәрбиелеудің негізі.

«Волейбол – күш пен төзімділікті талап ететін ойын ғана емес, командада әрекет ете отыра, нәтижеге қол жеткізуді үйретеді. Турнирге қатысып жатқан 13 команданың ішіндегі спортшылардан үздікті анықтау қажет», - дейді СҚО полиция департаменті арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Жанат Сағденов.

Жарыстың ақтық сыны 26 наурыз болады. Еске алу турнирінің жеңімпаздары құнды сыйлықтар және кубоктармен марапатталады.


Соңғы жаңалықтар