СҚО-да қазақ-қытай ғылыми-зерттеу орталығы ашылады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық салада ғылым мен өндірісті ұштастырған жаңа жоба жүзеге аспақ. 

СҚО-да қазақ-қытай ғылыми-зерттеу орталығы ашылады
Фото: Қозыбаев университеті

Былтыр қараша айында СҚО делегациясының Қытай Халық Республикасына сапарында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Енді Қытай жағы Қазақстанға іс-сапармен келіп отыр. Сапар барысында қонақтар жергілікті билік өкілдерімен және ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті, университеттің зертханалық жабдықтарымен танысты және өңірдің аграрлық кәсіпорындарын аралады.

СҚО-да қазақ-қытай ғылыми-зерттеу орталығы ашылады
Фото: Қозыбаев университеті

Қозыбаев университеті мен Хэнань ауылшаруашылық инвестициялық тобының бірлескен жобасы Қазақстанның ауылшаруашылығы саласына тың серпін беруді мақсат еткен. Заманауи инфрақұрылымға, озық технологиялар мен мамандарды даярлауға негізделген ол ауылшаруашылық секторында өндірістен бастап өңдеуге және сатуға дейін кешенді шешімдер ұсынбақ. 

Қытайдың ең ірі ауылшаруашылық инвестициялық компанияларының бірі саналатын Хэнань ауылшаруашылық инвестициялық тобы жобаға шамамен 5 млн доллар құйып, жабдықтарымен, зерттеулерімен және сараптамалық әлеуетімен кіреді. Сондай-ақ тұқым материалын ұсынып, заманауи жатақханалар, зертханалар ашуды жоспарлаған. 

– Астанадағы ауылшаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында Қасым-Жомарт Тоқаев, агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту қажеттігін атап өтіп, саланың тиімділігін арттыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында бірқатар міндет жүктеді. 
Қазақстан-Қытай ғылыми ауыл шаруашылығы орталығын іске қосу нәтижесінде дәнді, майлы дақылдарды, бұршақ тұқымдастарды және жемшөптерді іріктеу бойынша зерттеулер мен демонстрациялық жобаларды жүзеге асыруға болады. Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеу, дақылдар мен топырақ құнарлылығын бақылауда цифрландыруды енгізу, процестерді цифрландыру, өнімділікті болжауда жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, - дейді Қозыбаев университетінің ректоры Ербол Исақаев.

СҚО-да қазақ-қытай ғылыми-зерттеу орталығы ашылады
Фото: Қозыбаев университеті

Университеттің мәліметінше, қазірдің өзінде бұл мақсатқа СҚО әкімдігі 30 га тәжірибелік жер бөлді. Жобаға шетелдік ғалымдармен бірге университеттің оқытушылары мен студенттері тартылды. 

– Жоба тәжірибелік алаңдарды, зертханаларды, заманауи инфрақұрылымды құруды көздейді. Бұл тұрақты, экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығы платформасын қалыптастыруға және тұқым өндірісінің егістік алқаптарын 1 мың гектарға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Ынтымақтастықты ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік ретінде қарастырамыз, - дейді Ербол Исақаев.

СҚО-да қазақ-қытай ғылыми-зерттеу орталығы ашылады
Фото: Қозыбаев университеті

Бұған дейін аграрлық саладағы негізгі капиталға құйылған инвестиция 790 млрд теңгеге жеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар