СҚО-да қазан айында 200 орындық инфекциялық аурухана пайдалануға берілмек
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жедел тұрғызылатын, заманауи инфекциялық аурухана салынып, қазан айында пайдалануға берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізге жаңа инфекциялық аурухана керек. Біз жедел тұрғызылатын, заманауи, 200 орынға шақталған инфекциялық аурухананы саламыз. Қай жерге тұрғызылатынын шештік. Нысан биылғы қазан айында ашылады. Бұл аурухана барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмек. Заманауи қондырғы – КТ және 20 өкпені жасанды желдету аппаратын қоямыз. Жаңа аурухана медициналық қызметтің сапасын арттырып, медициналық қызметкерлердің ауруды жұқтыруына жол бермейді», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы бүгін Петропавлдағы кардиологиялық орталықта болып, СҚО-дағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтқан еді. Қазіргі таңда қауіпті инфекциямен күреске 1186 медициналық қызметкер тартылған, оның ішінде кардиоорталықтың дәрігерлері мен медбибілері бар. Вируспен күресіп жатқан өңірдің медициналық қызметкерлеріне 568 млн теңге үстемеақы төленді.