СҚО-да келіншек үш саунаны жалға алып, жеңгетайлықпен айналысқан

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Стоп-трафик» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 10 жезөкше есепке алынып, жеңгетайлықтың үш дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да келіншек үш саунаны жалға алып, жеңгетайлықпен айналысқан

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы үш саунаны жалға алған 35 жастағы әйел онда келушілерге сексуалдық сипаттағы қызметтер ұсынған. Сауналардың әкімгерлері клиенттер мен жеңіл жүрісті қыздар арасында белгілі бір сыйақыға делдал болған.

«Заңсыз бизнесті облыс аудандарының бірінің тұрғыны ұйымдастырды деп күдіктелуде. Аталған факті «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.

Бұл қылмыс 24-26 наурыз аралығында СҚО аумағында өткен «Стоп-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды. Операцияның екі күні ішінде облыс аудандарында тәртіп сақшылары қайыр сұрауға қатысты 21 деректі анықтады.

Интернетке мониторинг жүргізу барысында «жезөкше» санаты бойынша 10 бойжеткен анықталып, есепке қойылды. Адам саудасымен байланысты қылмыстарды жасауға ықпал ететін ақпараты бар веб-ресурс анықталды. Оның домені ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментіне бұғаттау үшін жолданды.