СҚО-да кене энцефалитінің бес жағдайы тіркелді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында сәуір айының басынан бастап 408 адамды кене шақты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 3 есе көп.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, эпидемиялық маусым басталғаннан бері облыста кене энцефалитінің 5 жағдайы тіркелді, Петропавлда – 3, Қызылжар ауданында 2 адам ауырған.
– Кенелер – кене энцефалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы (Лайм ауруы), геморрагиялық қызба және т.б. көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштары ретінде қауіпті. Ең қауіптілердің бірі – кене вирустық энцефалиті. Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесінің басым бөлігін зақымдайтын жіті инфекциялық ауру. Аурудың салдарынан адам мүгедек болып қалуы, тіпті ажал құшуы мүмкін, - дейді санитар дәрігерлер.
Кене энцефалитінің вирусы адамға негізінен иксод кенелер шаққанда беріледі. Кенені езгенде немесе тістеген жерлерді тырнағанда да ауру пайда болуы мүмкін.
Қызметі кене энцефалитінің табиғи ошағында болуымен байланысты адамдар профилактикалық иммундаудан өтеді.
Мемлекеттік тапсырыс аясында сәуір айында Айыртау ауданының Айыртау және Лобаново ауылдарында кенеге қарсы дезинсекциялық іс-шаралар өткізілді, сондай-ақ осы жылдың қыркүйегінде бұл жұмыс қайталанады.
Бұған дейін Петропавлда кене мен масаға қарсы дәрілеу жұмыстары жүріп жатқанын жазған едік.