СҚО-да кей жанар-жағармай бекеттерінде АИ-95 бензині талонмен сатылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында АИ-95 маркалы бензин кей жанар-жағармай бекеттерінде арнайы карта және талонмен сатылып жат

бензин
Фото: freepik

СҚО кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық басқармасының мәліметінше, бұл — уақытша мәселе. Жақында өңірге сұйық отын жеткілікті деңгейде әкелініп, жағдай қалыпқа түседі.

— Қазіргі уақытта СҚО-да АИ-95 маркалы бензиннің 17 күнге жететін қоры бар. Литрінің бағасы — 262 -279 теңге. Ол Qazaq Oil, Helios және Shelf компанияларының жанар-жағармай бекеттерінде еш кедергісіз сатылып жатыр. Ал Петропавлдағы «Эталон Авто» желісінің үш бекетінде бензин тек талон және арнайы картамен ғана құйылып жатыр. Қажетті бензин жолда. Мұндай жағдай «Trassa» желісінің бекеттерінде де тіркелген. Бұл компания жеткізу туралы келісімге отырысымен-ақ мәселе шешіледі, — деді басқарма басшысы Дархан Әмрин.

Қазір өңірде АИ-92 бензинінің 11 күндік қоры бар, ол 218-225 теңге аралығында сатылып жатыр.

Дизель отынының қоры 13 күнге жетеді. Литрі — 315-323 теңгеден.

— Алаңдауға негіз жоқ. Облыста жанар-жағармай қорына мониторинг жасау және қажетті көлемді уақтылы бөлу мақсатында жедел штаб жұмыс істейді. Оның құрамына облыс әкімінің орынбасары және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кіреді. Қажет болған жағдайда, мәселе орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралады, — деді Дархан Әмрин.

Бүгінгі таңда СҚО аумағында 114 жанармай құю станциясы жұмыс істейді. Оның 39-ы — Петропавлда, 75-і — аудандарда, оның ішінде 24 шағын бекет ауылдық жерлерде орналасқан.

Бұған дейін Энергетика министрлігі бензин мәселесін бақылауда ұстап отырғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар