СҚО-да кейінгі үш жылда АИТВ бар анадан 30-дан астам нәресте дүниеге келді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі үш жылда адамның иммун тапшылығы вирусының анадан балаға берілуінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Өз кезегінде облыстық АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталық директоры Ринат Өлмесеков тағы қандай жетістіктерге қол жеткізгенін айтып берді.

— Ринат Маратұлы, СҚО аумағында АИТВ індетінің қазіргі жағдайы туралы айтып берсеңіз?
— Біздің облыста АИТВ-мен өмір сүретін 1 400-ден астам адам есепте тұр. АИТВ инфекциясының таралуы бойынша рейтингіде Қазақстан Республикасы бойынша 7-орында келеміз. Былтыр өңірде ҚР азаматтары арасында АИТВ-инфекциясының 117 жаңа жағдайы анықталды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18 адамға төмен. АИТВ инфекциясының басым көпшілігі 40-49 жас және 30-39 жас топтарында тіркелген. Осы жылғы қаңтар айында 5 адамда анықталды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9 адамға кем.
— АИТВ-ні негізінен қалай жұқтырады?
— АИТВ инфекциясының таралуының тек үш жолы бар: жыныстық қатынас; парентеральды, яғни қан арқылы, соның ішінде шприцтер, инелер, құрамында АИТВ қаны бар кескіш құралдар арқылы және тікелей, мәселен анадан балаға — жүктілік кезінде, босану кезінде немесе емізу кезінде берілуі мүмкін.
Біздің өңірде АИТВ екі жолы бойынша тіркелген: 32,5% парентеральді — инъекциялық (психобелсенді заттарды бірге қолданған кезде) және қалғаны жыныстық қатынас арқылы.
СҚО медициналық ұйымдарында АИТВ инфекциясының таралу жағдайлары жоқ екенін атап өткім келеді.
— Бірнеше жыл қатарынан өңірде есірткі заттарын қолдану салдарынан АИТВ жұқтырудың өсуі байқалды. Бұған әсер ете алдыңыздар ма?
— Иә, қазіргі уақытта мұндай жағдайлардың саны аутрич-қызметкерлермен бірлесіп жүргізілетін «Зиянды азайту» профилактикалық бағдарламасының жұмысы есебінен азаюда. Басқаша айтқанда, оларды «көше қызметкерлері» немесе тең нұсқаушылар деп те атайды. Олардың көпшілігі — психобелсенді заттар мен инъекциялық есірткіні қолданушылар. Бірақ олар басқа есірткіге тәуелділерге қарағанда есірткіні қолдану тек зиян келтіріп қана қоймай, АИТВ жұқтыру қаупін арттыратынын түсінеді. Мұндай ерікті өз ортасында сенімге ие бола отырып, шприцтерді қайта пайдалану қауіпті екенін түсіндіреді, контрацепция құралдарын таратады, жергілікті жерлерде АИТВ-инфекциясына талдау жасау үшін медицина қызметкерлерінің келуін ұйымдастырады.
Аутрич-қызметкерлерінсіз мақсатты топқа жету мүмкін емес еді. Бүгінгі таңда, облыстық АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталыққа осындай 10 аутрич-қызметкер көмек көрсетіп келеді.
Сондай-ақ біз СҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастар арасында есірткінің зияны туралы ақпарат тарату бойынша ауқымды жұмыстарды атқарамыз, оқушылар мен еңбек ұжымдары үшін іс-шаралар өткіземіз.
— Өңірде кейінгі жылдары АИТВ-ның анадан балаға берілу жағдайлары тіркелмеген екен…
— Кейінгі үш жылда біздің облыста АИТВ тікелей жолмен — анадан балаға берілуінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Осы уақыт ішінде АИТВ-мен өмір сүретін әйелдердің 30-дан астамы балалы болды. Бұл — біздің орталық мамандарының, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары қызметкерлерінің және босандыру қызметінің бірлескен жұмысының жемісі.
АИТВ+мәртебесі бар әйелдің дені сау баланы дүниеге әкелуі — уақтылы тексерілудің және антиретровирустық терапияны қабылдауының нәтижесі. Егер әйел үнемі антиретровирустық терапияны қабылдаса, вирустың балаға берілу қаупі айтарлықтай төмендейді. АИТВ-мен өмір сүретін жүкті әйелдер 100% тікелей берілу қаупін азайту үшін антиретровирустық препараттарды қабылдайды.
— Біздің облыста АИТВ инфекциясының жыныстық жолмен берілу үлесі жоғары. Қорғану үшін қандай сақтық шараларын ұмытпау қажет?
— АИТВ+мәртебесі бар адаммен ешқандай қорғаныссыз бір жыныстық қатынастың өзі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Әдетте, әйелдер АИТВ-инфекциясын тез жұқтырады. Вирустың ер адамнан әйелге берілу ықтималдығы әйелден еркекке қарағанда шамамен екі есе жоғары. Сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін басқа инфекциялардың болуы АИТВ жұқтыру қаупін арттыратынын есте ұстаған жөн. Жыныстық қатынас кезінде АИТВ инфекциясынан қорғаудың негізгі әдісі — жеке қорғаныс құралдарын қолдану және кездейсоқ қарым-қатынастан аулақ болу.
— ЖИТС індеті 1981 жылы басталды. СҚО-да АИТВ-инфекциясының алғашқы жағдайы 1989 жылы тіркелген. Осы жылдар ішінде медицина қаншалықты алға жылжыды? АИТВ әлі де емделмейтін ауру болып санала ма?
— Бүгін АИТВ инфекциясы толық емделмесе де, онымен өмір сүруге болады. Антиретровирустық терапияны дамыту және қолдану нәтижесінде сырқаттар толыққанды және ұзақ өмір сүре алады. Препараттарды қабылдау организмдегі вирустың концентрациясын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл иммундық жүйенің қалпына келуіне, инфекциялармен күресуге және ЖИТС дамуына жол бермейді. Антиретровирустық терапияны қабылдайтын науқастардың өмір сүру сапасы сау адамдардың өмір сүру сапасынан еш айырмашылығы жоқ.
Сонымен қатар бұл терапия профилактикалық әсерге ие. Егер АИТВ+ мәртебелі адам антиретровирустық препараттарды қабылдаса, вирустың таралу қаупі айтарлықтай төмендейді. Соның ішінде, ол өзінің жыныстық серіктестеріне қауіп төндірмейді. Әйтсе де, белгілі бір қауіп сақталады, бірақ мүшеқапты қолдану оны «0» дейін төмендетеді. Бірақ ем нәтижелі болуы үшін осы терапияны бастаған адам дәрігердің барлық нұсқауын қатаң сақтай отырып, дәрі-дәрмектерді күнделікті және өмір бойы қабылдауы керек.
— Өңірде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың қанша пайызы ем қабылдап жатыр?
— Бүгінде облыста АИТВ-мен есепте тұрғандардың 92%-ы антиретровирустық терапияны қабылдайды. Былтырдан бастап біздің мамандарға «Answer» қоғамдық қор филиалының өкілдері көмектесіп жатыр, олар АИТВ+ мәртебесі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартумен айналысады. Осының арқасында емделуге деген ұмтылыс жыл сайын артып келеді. Антиретровирустық препараттарының жанама әсері төмен жаңа буыны пайда болып жатыр. 2009 жылдан бастап Қазақстанда антиретровирустық терапия тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізіледі.
— Емдеуден басқа, СҚО-да АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға тағы қандай көмек бар?
— Биылғы жылдың жетістіктерінің бірі — Петропавл қалалық мәслихаты АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға әлеуметтік көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады. Қазір ол 10 АЕК мөлшерінде беріледі.
— Рахмет!
Бұған дейін СҚО-да алғаш рет эпилепсиямен ауыратын науқасқа ота жасалғанын жазған едік.