СҚО-да қыста демалысты қайда өткізуге болады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Жаңа жылға орай берілетін демалыс күндерін теледидар алдында емес, қыстың қызығына батып, көңілді әрі денсаулыққа пайдалы өткізуге болады.
Солтүстік Қазақстан облысында қысқы демалыс орындарының саны артып келеді. СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірдегі басты туристік бағыттардың бірі – Имантау-Шалқар курорттық аймағы. Қазір мұнда 50-ге жуық демалыс базасы болса, соның 10-ы қонақтарды қыста да қабылдауға әзір.

- Мәселен, «Солнечное Вип» демалыс аймағы жыл бойы емдеу-сауықтыру қызметін көрсетеді. Оның ішінде панта қосылған ванна, панталы бөшке, фитобөшке, галокамера сияқты бірнеше ем түрлері кіреді. Сонымен қатар шаңғы тебуге және қалың қарағайлы орманда серуендеуге мүмкіндік бар. Монша мен сауна жұмыс істейді. Қыста балық аулауды ұнататындар үшін Шалқар және Имантау көлдерінде «Изумрудное», «Тұрпан», «Дом у озера», «Адам», «Адель», «Қазығұрт», «Имантау», «Заря» демалыс базалары және «Зейнеп» көпсалалы колледжі қызмет көрсетеді. Демалыс орындарының аумағында монша бар, шаңғы мен коньки, тюбингтер, аэросаналар, квадроциклдер жалға беріледі. Бұл демалыс базалары 400-ден астам қонақты қабылдай алады, - дейді басқарма басшысы Дархан Әмрин.
Маманның айтуынша, көлдер «Көкшетау» табиғи паркі аумағында орналасқан, сондықтан тек жолдама болған жағдайда ғана балық аулауға болады. Ал жолдаманы easyfishing.kz сайтынан онлайн түрде сатып алуға болады.

Сондай-ақ, Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғұл көлі де қыста балық аулауға қолайлы танымал көлдердің бірі.

Петропавл маңындағы Қарғалы аралындағы бұрынғы «Волна» балалар лагерінің аумағында спорттық құрал-жабдықтарды - шаңғы мен тюбингті жалға алу мүмкіндігі бар.
- Бұл кешен облыс орталығына жақын болғандықтан тұрғындар мен қонақтар арасында сұранысқа ие. Осыған орай қазір 500 орындық санаторий-курорттық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Инвестор 12 жыл бойы жұмыс істейтін барнхаус үйлерін, демалушылар мен қонақтарға арналған дәмхананы, он шақты беседканы іске қосты. Қала маңындағы тағы бір отбасылық демалыс кешені - «Green park» парк-отелі. Парк аумағында премиум-санаттағы үйлер бар. Квадро-монша, караокесі бар сауықтыру моншасы, купель, мангал аймағы, сондай-ақ жылытылатын бассейн жұмыс істейді. Қыста сырғанақ тебуге, тюбинг жалға алуға, қар көлігімен, понимен, «бананмен» және хаски иттері жегілген шаналарымен серуендеуге болады, - дейді басқарма басшысы.
Петропавлда жаңа жылға орай биыл «қысқы ертегі» стилінде жаңажылдық 10 негізгі алаң пайда болды. Бірнеше сырғанақтар салынды. Биыл алғаш рет жаяу жүргіншілер көшесіндегі орталық алаңда үлкен мұзайдыны құйылды.

Петропавлдағы Борки кентіндегі шаңғы базасы аумағында шаңғыны жалға алып, тебуге болады. Жеке кәсіпкердің айтуынша, былтырғы бағалар сақталған, яғни ересектер үшін 2 мың теңге, балаларға 1 мың теңге төлеу қажет.
Ал Есіл өзенінің жағасында тау шаңғысын тебуге болады. «Петрогорки» демалыс базасының мәліметінше, тау шаңғысын, аяқ киімін жай күндері жалға сағатына 2,5 мың теңгеге, бір күнге 7 мың теңгеге алуға болады. Демалыс, мереке күндері баға 1-2 мың теңгеге қымбат.

Көтергіштің қызметін пайдалану сағаты – 4 мың теңге болса, бір күндік бағасы – 8 мың теңгеге бағаланған.
Винокуров спорт сарайында да мұзайдыны жұмыс істеп жатыр. Кіру билеті ересектер үшін 1 мың теңге тұрса, 14 жасқа дейінгі балалар 600 теңге төлейді. Конькиді жалға алу құны да осы аралықта.
Бұдан бөлек елді мекендерде ашық, жабық хоккей корттары жұмыс істемек.
Бұған дейін СҚО-да елді мекендер арасында үйлерін жаңажылдық безендіруден байқау өтіп жатқанын жазған едік.