СҚО-да қызылша жұқтырған ересектердің саны артып келеді

Солтүстік Қазақстан облысында қызылшаны жұқтырғандардың 60 % - 17 жастан асқан ересектер. Ауырғандардың басым бөлігі Петропавлда тіркеліп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

аурухана
Фото: Pixabay

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев облыстағы қызылша ауруына қатысты жағдайға тоқталды.

Жыл басынан бері облыста қызылшаның 77 жағдайы тіркелді, оның 49-ы зертханалық расталды.

«49 сырқаттың үшеуі қатерлі дертті шетелден — БАӘ, Ресейден және Қырғызстаннан жұқтырып келген. Жас құрылымына тоқталсақ — ауырғандардың басым бөлігі — 17 жас және одан асқандар. Бұл барлық ауырғандардың 29 жағдайы немесе 60%. Соның ішінде 17 -19 жастағылардың 16-сы, 20-29 жастағылардың бесеуі, 30-39 жастағылардың төртеуі, 40-49 жастағылардың үшеуі және 50-59 жастағылардың біреуі қызылшаны жұқтырған. Ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауырғандардың басым бөлігі — 5-9 жаста», — дейді Әсет Жұматаев.

Сондай-ақ сырқаттанғандардың 86% дертке қарсы екпе алмаған. Басым бөлігі — Петропавл тұрғыны.

«Асқыну жағдайлары болған жоқ, бүгінгі таңда 8 адам ауруханада ем алып жатыр. Бұл — екпеге бағынатын инфекциялардың бірі. Сондықтан да мұндай ауру анықталған жағдайда мекемелер карантинге жабылмайды. Егер де ауырған адаммен байланыста болған егілмеген болса, онда вакцина қойылады. Десек те емдеу мекемелері, стационарлар басқа сырқаттарға жұқтырмау үшін карантин енгізе алады», — деді Әсет Жұматаев. 

Соңғы жаңалықтар