СҚО-да қызылшаны жұқтыру биыл бес есе азайды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 65 адам қызылшамен ауырды.

АҚШ-та қызылша жұқтыру дерегі соңғы 33 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті
Фото: freepik.com

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр осы уақытта 329 науқасқа «қызылша» диагнозы қойылған.

— Ауырғандардың басым бөлігі — Петропавл тұрғындары, 33 жағдай тіркелді. Уәлиханов ауданында — 10, Қызылжар ауданында — 8, Айыртау ауданында — 5, қалғандарында бір-екі адамнан жұқтырды. Қызылша — өте жұқпалы, қауіпті вирустық ауру. Асқынған жағдайда ми қабығы (энцефалит), өкпе (пневмония), ортаңғы құлақ (отит) қабынады. Кей жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Қызылшаны арнайы емдеу әдісі жоқ. Аурудың алдын алудың жалғыз тиімді тәсілі — уақтылы вакцинация, — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.

Маманның айтуынша, Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы Ұлттық егу күнтізбесі аясында 1 жас және 6 жастағы балаларға салынып келеді.

— Бұл вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Препарат өзін тиімді әрі қауіпсіз вакцина ретінде көрсетті. Бұл вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған, бұл оның жоғары сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай екенін дәлелдейді. Өндіруші — Serum Institute of India Pvt. Ltd. — әлемдегі ірі вакцина жеткізушілердің бірі және өнімдерін 170-тен астам елге экспорттайды, — дейді Арман Күшбасов.

Бұған дейін Қызылордада қызылша жұқтырғандардың 75-80% екпе алмағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар