СҚО-да көктем басталғалы су шайған автожолдардың 21-інде жағдай тұрақтанды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында күн жылынғалы 24 автожолды су басса, қазір бұл учаскелердің басым бөлігінде жағдай жақсарған.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Владимир Хутинаевтың айтуынша, қазіргі уақытта аудандық маңызы бар үш жол учаскесінде су жатыр.
- Уәлиханов ауданындағы Қаратал мен Бірлік ауылдарында энергетиктер мен біздің департаменттің қызметкерлері апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сілеті өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты мұнда 3 электр тарату бағаны зақымданған еді. Бұл екі ауылда кешеден бері жарық жоқ, - дейді Владимир Хутинаев.
Маманның айтуынша, осы екі елді мекен маңындағы өзенде мұз жару жұмысы жүргізіледі. Бұл мақсатқа арнайы жару техниктері шақырылды.
- Уәлиханов ауданында Сілеті өзенінің деңгейі көтеріліп жатыр. Қаратал мен Қулыкөл ауылдарының маңында су жол үстінен өтіп кетті. ТЖД қызметкерлері «вахтовка» көлігімен ауыл тұрғындарына керек заттарын жеткізіп беріп жатыр. Бұдан бөлек елді мекендерге баратын айналма жол бар. Тұрғындарды ауылдан эвакуациялаудың қажеті жоқ, - дейді Владимир Хутинаев.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өңірдегі су айдындарында жағдай тұрақты. Биыл өткен жылғыдай алапат су тасқыны қайталанбайды. Қазіргі метеорологиялық көрсеткіштер 2014 жылғы жағдайға ұқсас.
- Кей жағдайларда табиғи апаттың болуына көктемгі факторлар әсер етеді. Көктемнің ерте не кеш келуі, сондай-ақ топырақтағы ылғалдың жиналуы. Егер өткен жылы су тасқынына дайындық 28 наурызда басталса, биыл ерте іске кірістік. Өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай қауіп жоқ, - дейді филиал басшысы Қымбат Мерғалимова.
Бұған дейін СҚО-да дрондар нақты уақыт режимінде су тасқынын бақылауға алғанын жаздық.