СҚО-да көктемгі су тасқынына қарсы шаралар: 8 топ құрылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің отырысында өңірдің көктемгі су тасқынына әзірлігі пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов облыста көктемгі су тасқыны зардабының алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы есеп берді. Ведомство өкілі дайындық барысында туындаған проблемаларды да атап көрсетті.

«Жағдайды үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Су тасқыны болған күнде тұрғындарды қауіп-қатермен бетпе-бет қалдырмаймыз. Өңірде жылдам әрекет ететін 8 топ құрылды. Оған құқық қорғау органдарынан 475 адам кірді. 134 техника дайын тұр. Жағдайға байланысты оларды су тасқыны болған елді мекенге жөнелтеміз. Ауыр инженерлік техниканы биыл да жалға аламыз. Қазіргі уақытта елді мекендерден қардың шығарылуы, арықтардың, су өткізгіш құбырларының, кәріз жүйесінің тазартылуын қадағалап отырмыз», - деді Рамиль Камалов.

Департамент бастығының айтуынша, жергілікті атқарушы органдар көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Облыстың елді мекендерінен бүгінге дейін 596 мың текше метр қар шығарылған, 257 км арық тазартылып, автомобиль жолдарындағы 600-ге жуық су өткізгіш құбыр ашылды.

Уәлиханов, Айыртау аудандарындағы шағын өзендер мен көлдерде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Бірер күнде мамандар бұл жұмысты Тайынша мен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда атқарады.

Құтқарушылар тұрғындармен де кездесулер ұйымдастырып жатыр. Рамиль Камаловтың айтуынша, көктемгі су тасқынына дайындық айлығы аясында 200 елді мекеннің тұрғындарымен кездесу міндеті тұр. Бүгінге дейін 265 рейд, 35,5 мың тұрғынды қамтыған 160 жиналыс өтті.


Соңғы жаңалықтар