СҚО-да көлікке жүкті шамадан тыс артқандарға 31 млн теңге айыппұл салынды
СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Руслан Сейталиннің айтуынша, тек
тамыз айының екі аптасында ғана жүк көлігіне шамадан тыс жүк артуға байланысты
55 әкімшілік материал толтырылған.
10 тамыз күні сағат 18.00 шамасында Бескөл ауылының маңайында рейд
барысында жүк тасымалдаушы таразыға тұрудан бас тартқан.
«Ресейде тіркелген, 20 тонна қиыршық тас артылған МАЗ көлігін тексеру
үшін инспекция мамандары тоқтатты. Алайда оның жүргізушісі жүк машинасын тастап, жеңіл көлікке отырып белгісіз бағытқа кетіп қалған. Бұл
жайында СҚО Полиция департаментінің кезекші бөліміне жедел хабар берілді. Шамамен 1 сағаттан кейін МАЗ көлігінің жүргізушісі қайтып келіп, артылған жүктің бір бөлігін жолға және оның шетіне түсіріп тастады. Көлік
жүргізушісінің және лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері қызметтік бейнежетонға тіркелді», - дейді басқарма басшысы.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульдік машинасы
оқиға орнына келіп, заңбұзушыға қатысты «Лауазымдық міндеттерін орындауға кедергі келтіру», «Каботаж», «Көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау» баптары бойынша бірнеше әкімшілік материал толтырды.
Жалпы айыппұлдың мөлшері 143 мың теңгеден асты.
Руслан Сейталиннің сөзіне қарағанда, көліктік бақылау инспекциясы аталған дерек
бойынша құзырлы органдарға жүктің қайдан алынғанын және тасымалдың
заңдылығын анықтау мақсатында ақпарат жіберді.
Жалпы СҚО-да мамандар жыл басынан 3 мыңға жуық жүк көлігін тексерген.
Олардың 413-інің заң бұзғаны анықталып, әкімшілік іс қозғалды. 31 млн теңгенің айыппұлы салынды.