СҚО-да коронавирус жұқтырғандар саны артып келеді

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, өңірде COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. Ауырғандар саны артып келеді. Тек өткен тәулікте 27 адамда тіркелген.
«27 адамның 19-ы дәрігерге ауырып көрінген. Жалпы соңғы аптада ауру 109-дан 129 жағдайға дейін, 18 %-ға өсті және одан әрі арта түспек.
Сырқаттанғандардың 83 %-ында аурудың белгілері бар. Соңғы 7 күнде RT репродуктивті саны 1-ден асты», - дейді Әсет Жұматаев.
Маманның айтуынша, аурудың көбеюіне үнді штамының елімізде пайда болуы және халықтың карантиндік шараларды сақтау тәртібінің төмендеуі себеп.
КВИ жұқтырғандардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингінің нәтижелері бойынша 4 адамда «дельта» штамы, яғни үнді штамы анықталған.
«Коронавирустың белгілері бүгінде өзгерген. Инкубациялық кезең 5 күнге дейін қысқарған. Уланудың айқын белгілері бар. КВИ-дің өкпеден тыс түрлерінің жиілеуі, кейбір жағдайларда ішек симптомдары басым болады.
Аурудың ерте кезеңінде өкпенің зақымдану аймағы ұлғайып, ауру тез дамиды. Ауыр және өте ауыр формасымен ауырған жас адамдардың үлес салмағы артып, балалар мен жүкті әйелдер қатты ауыратын болған. Сондай-ақ жүрек-қан тамыр жүйесінің асқынулары жиі кездеседі», - дейді СҚО бас санитар дәрігер.
Жалпы СҚО-да коронавирусты 15315 адам жұқтырды.