СҚО-да қосымша 5 мыңнан астам балаға қызылшаға қарсы вакцина егілді
Солтүстік Қазақстан облысында қызылшамен ауырғандардың саны 200-ге жетті, оның 107-сы зертханалық жолмен расталды. Инфекцияны жұқтырғандардың басым бөлігі Петропавл тұрғындары, деп хабарлайды Kazinform.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, Петропавлда 94 адам, Айыртау, Қызылжар, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарында екіден және Аққайың және Жамбыл аудандарында жекелеген жағдайлар тіркелген.
«14 жасқа дейінгі 40 бала ауырды, 15-19 жас аралығындағы 28 адам сырқаттанды. ҚР Ұлттық ұланы академиясында ауырғандар саны 47-ге жетті. Боркидегі Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжде 21 студентте қызылша анықталды, оның біреуі зертханалық расталды. Үш медицина қызметкері, мұғалім, әскери қызметші және зейнеткер жұқтырды.
Қызылшамен ауырғандардың 93% егілмеген, оның ішінде 22 жағдайда жеке сенімі бойынша бас тартқан», - дейді Арман Күшбасов.
Қазіргі уақытта облыста қызылшаға қарсы 7 мыңға жуық доза бар.
«Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқаны басталғалы 5380 балаға екпе егілді. Бұл бар жоспардың 20,5%.
Осы жылдың наурыз айынан бастап қызылшаға қарсы иммундауды толықтыру барысында бұрын вакцинацияланбаған, вакцинация мәртебесі белгісіз және бас тартқан 5239 адамның ішінен 18 жасқа дейінгі балалардың 2355 немесе 44,4% егілді», - дейді Арман Күшбасов.