СҚО-да күнде үш адам интернет-алаяқтардан зардап шегеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Ведомствоның мәліметінше, жиында өңірдегі жағдай, сонымен бірге профилактика мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді талап ететін жүйелі проблемалар туралы айтылды. Мәселен тек 1,5 жыл ішінде 7 жасөспірім есірткі жасырып-таратушы ретінде ұсталды. Интернет-алаяқтық қылмысы да азаяр емес, күн сайын осындай 3 қылмыс тіркеледі.
Қазіргі уақытта есірткі заттарын жеткізу арналарын, салып таратушылар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау бойынша жұмысты күшейту міндеті тұр.
Жол-көлік оқиғалары артып, адамдардың жарақаттану, өлім фактілері бар.
Орталық көшелерге қосымша бағдаршамдарды, тұрақ орындарын кеңейтуді, жол жарығын орнатуды қажет етеді.
Пробация қызметінің жұмысындағы өзекті мәселелер: рецидивтің алдын алу, жұмыссыздықты төмендету.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, есепте тұрған адамдар арасында құқық бұзушылықтар жасалады.
Талқылау қорытындысы бойынша құқық қорғау және уәкілетті органдарға жүйелі профилактикаға көшу, жауапкершілікті дербестендіру және ведомстволық бақылауды күшейту бойынша ұсыныстар берілді.
Бұған дейін СҚО-да былтыр бес адам жұмыс барысында мерт болғанын жазған едік.