СҚО-да құрамында есірткісі бар препараттарды сақтауда заңбұзушылықтар анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 22-26 қыркүйек аралығында өткен «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы шығарылды.
СҚО Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Үмбетовтың айтуынша, бұл іс-шараның мақсаты есірткі құралдарының, психотропты заттардың, прекурсорлардың, улы және күшті әсер ететін дәрі-дәрмектердің заңды айналымын бақылау болды. Нәтижесінде, қауіпті заттарды сақтауда заңсыздыққа жол берілгені анықталды.
– Медицина саласында әкімшілік заңнаманы бұзудың 18 дерегі анықталды. 13 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналды. Есірткі заттары бар шамамен 1 мың таблетка, 8 мыңнан астам психотроптық таблетка және 1 мың 300-ден аса ампула тәркіленді. Барлығы 38 медициналық мекеме тексерілді, - дейді Руслан Үмбетов.
Полицейдің айтуынша, өнеркәсіп саласында 5 құқықбұзушылық әшкереленді. 286 килограмм прекурсордың айналымы шектеліп, 5 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Барлығы 30 кәсіпорын мен 89 көлік құралы тексерілген.
Бұған дейін Петропавлда жерасты жылу коллекторында өрт шығып, бір әйел мерт болғанын жазған едік.