СҚО-да Қытайдағы ІІ жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегерін салтанатпен қарсы алды (ФОТО)

Дарья Медведьева Қазақстан командасының құрамында қытайлық Нанкин қаласындағы ІІ жасөспірімдер Олимпиадалық ойындарына көркем гимнастика бойынша қатысты. Ол көркем гимнастикадан топтық жаттығуларда қола жүлдегер атанды. Қытайда 26-27 тамыз күндері өткен Олимпиадалық ойындарға әлемнің 87 елінен спортшылар қатысты.
Солтүстікқазақстандық гимнастшы Дарья Медведьева спортпен 9 жасынан айналысып келе жатқанын атап өткен жөн. Бүгінде ол спорт шеберлігіне кандидат, спорттағы дарынды балалар үшін облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында жаттығуда.
«Мен үлкен толқу үстіндемін. Біздерге оңай болған жоқ. Бір қызымыз жарақаттанып қалып, төртеуіміз жұмыс жасадық, соңғы күні ол қайтадан қосылды. Менің ендігі мақсатым - халықаралық кластағы спорт шебері нормативін орындау», - деп әсерлерімен бөлісті Дарья Медведьева.