СҚО-да лагерьде уланып қалған балалардың ата-аналары 1,5 млн. теңге өтемақы талап етіп отыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да «Серебряный бор» лагерінде уланып қалған балалардың ата-аналары 1,5 млн. теңге өтемақы талап етіп отыр. Бұл туралы СҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінен хабарлады.

«Бүгінде зардап шекккен балалардың заңды өкілдері ұйымдарға шағым жасап отыр. Оларға қажетті құқықтық көмек көрсетілуде. Қазірде 9 зардап шегуші арызданып отыр. Олардың талап етіп отырған сомасы 1 582 436 теңгені құрайды», - деп жазылған хабарламада.

15 шілде күні 44 бала ауруханадан шықты. Аталған іс бойынша ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғады, сондай-ақ іс қағаздары прокуратура мен сотқа жіберілді.

Лагерьдің 24 қызметкері медициналық тексеруден өтті, жеке медициналық кітапшалары бар. Сонымен бірге қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуін тексеру кезінде олардың төртеуі (2 аспаз, 2 күзетші) кітапшада көрсетілген бактериологиялық тексерістен өтпегені анықталды.

Сондай-ақ медицина қызметкерлері тағамдардың сапасын күнделікті бақыламайтындығы, кейбір азық-түліктердің сапасы мен құрамын, қауіпсіздігін көрсететін құжаттардың болмағаны белгілі болды.

Бактериологиялық зерттеу жүргізу барысында тауық етінен сальмонелла анықталды, асханадан алынған сынамалардан стафилококк пен ішек таяқшалары шықты.

Лабораториялық зерттеулердің нәтижесі бойынша асхананың 1 қызметкерінде дизентерия қоздыратын инфекция табылды.

Тексеріс нәтижесі бойынша аталған лагерьдің жұмысын тоқтату туралы қаулы шығарылды, асхананың 4 қызметкері жұмыстан босатылды.

Лагерь жабылды. Санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram