СҚО-да мамандар құрылыс саласындағы негізгі мәселелерді атады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс компаниялары жобаларды жүзеге асыруда бірқатар қиындыққа тап болады.  

СҚО-да мамандар құрылыс саласындағы негізгі мәселелерді атады
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

Бұл мәселелер СҚО кәсіпкерлер палатасында Қазақстан құрылысшылары одағы басшылығының қатысуымен өткен көшпелі кеңесте айтылды. Республикалық қоғамдық ұйымның ресурсын пайдаланып, проблемаларды Үкімет пен профильді министрлікке жеткізу мақсатында ұйымдастырылған жиынға облыстың жергілікті құрылыс компанияларының өкілдері қатысты. 

Одақ филиалының және кәсіпкерлер палатасындағы салалық кеңестің төрағасы Әміржан Шәкейдің айтуынша, қазір салада ең өзекті үш мәселе бар, олар: құрылыс алаңдарының дайын болмауы, инженерлік желілердің жоқтығы және бағаның дұрыс құрылмауы.

– Құрылысты бастайық десек, ол алаң әлі дайын болмай шығады. Яғни, тендерлер әлі ескі ғимараттар сүрілмеген жер учаскелеріне жарияланады. Кейде жаңа салынған үй пайдалануға берілсе де, оның аумағында әлі де тұрғындары бар нысандар тұрады. Екіншіден, инфрақұрылым құрылыстан бір қадам алда болу керек, бірақ іс жүзінде инженерлік желілер көбіне дайын үйлерге ғана жеткізіледі, - дейді Әміржан Шәкей.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

Спикердің айтуынша, баға өңір ерекшелігі ескерілмей біртұтас ережелерге сүйене отырып белгіленеді. Сол себепті сметалық құны мен нақты шығындар арасында айырмашылық пайда болып, құрылыс тоқтап, жобалық құжаттар бірнеше рет түзетіледі. 

– Өңірде цемент пен инертті материалдарды өндіретін зауыт жоқ, ал сметалық есепте көбіне қымбат логистика ескерілмейді. Сондай-ақ Қазақстанның облыстарында пәтерлердің бағасы бірдей бола алмайды. Бізде Алматы, Астана, Шымкент қалаларына бір баға, ал қалған өңірлерге бір баға бекітеді. Баға жобалық-сметалық құжат негізінде қалыптасуы тиіс. Жобалаушылар есептегендей және анықтағандай болуы керек. Біздің өңірді алсақ, неге мұнда пәтерлер ең қымбат деп таңғаламыз? Себебі тәуелсіздік жылдары біздің облыста қажетті құрылыс материалдарын өндіретін бірде-бір өндірістік нысан салынбаған, - дейді Әміржан Шәкей.

«Основание» ЖШС директоры Сергей Тимофеев кадр тапшылығы мен біртұтас уақыт белдеуіне ауысудың қиындық тудыратынын айтты. Қысқы уақытта күн ерте батып, қауіпсіздік үшін жұмысты ерте аяқтауға мәжбүр. Жазда күн таңғы 3-тен бастап шығады. Кәсіпкер жұмыс кестесін өңірлік деңгейде икемдеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар Сергей Тимофеев жаңа шағын аудандарда кешенді жоспарлаудың жоқтығын сынға алды. Мысалы, үлгілі болуы тиіс Копай шағын ауданы инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілмеген.

– Қазір ол жерде шамамен 6–7 үй салынған, бірақ желілер тартылмаған, бұл проблема жыл сайын қайталанады. Менің ойымша, бұл бүгінгі күннің ең басты мәселелерінің бірі, - деді Сергей Тимофеев.

Кездесуде құрылысшылар мен жергілікті билік арасындағы байланыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Жергілікті құрылысшылардың ұсыныстары мен ескертулері одақ жұмысының республикалық деңгейдегі бағыттарын қалыптастыруға негіз болмақ. 

Бұған дейін қай өңірде құрылыс қарқыны артқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум