СҚО-да мас күйінде жол апатын жасаған жүргізуші оқиға орнынан ізін суытқан

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында рульге мас күйде отырған ауыл тұрғыны жол-көлік апатын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да мас күйінде жол апатын жасаған жүргізуші оқиға орнынан ізін суытқан

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын 60 жастағы жүргізуші «Lada Kalina» маркалы көлігімен жолға шыққан. Ер адам «Челябі-Новосібір» тас жолының 585 шақырымында «Nissan Primera»-ны басып озу кезінде осы көліктің артқы көрініс айнасын қағып кеткен. Бұл жөнінде зақымданған көлік иесі бірден «102» нөміріне хабарлаған.

СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шақыруға шығып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізушінің көлігін күртік қардан тапты. Ер адам мас болған, ол көлікті басқара алмай жолдан шығып кеткен. Жүргізуші зардап шеккен жоқ, ал көлігіне механикалық зақым келді.

Мас күйде көлік басқарғаны үшін құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі бойынша материал жинастырылды. Сот үкімімен ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 20 тәулікке әкімшілікке қамауға алынды.

«Мас күйде көлік басқару – жол-көлік оқиғасына алып келуі мүмкін. Осындай фактілерді анықтау және жолын кесу үшін 14 наурыздан облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Операцияның 3 күнінде көлікті мас күйде басқарған 18 жүргізуші анықталды», - дейді СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сондай-ақ, полицейлер облыс жолдарында жылдамдық режимін бұзудың 128 фактісін, жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзудың 33 дерегін, қарсы бағытқа шығып кетудің 4 фактісін анықтады. Бұдан бөлек, көлікті тиісті құжатсыз басқарған 17 жүргізуші жауапқа тартылды. Жалпы жыл басынан СҚО-да 177 мас жүргізуші анықталды.