СҚО-да маусым айы басталғалы үш бала суға батып, шомылатын орындар тексерілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында халық шомылуға баратын орындар қауіпсіздікке тексерілді. Нәтижесі көңіл көншітпейді.

СҚО әкімдігінде өткен отырыста суға шомылу маусымында адамдардың өліміне жол бермеу үшін қолға алынған шаралар жайы талқыланды. Оған себеп те жоқ емес, маусым айы басталғалы өңірде үш жасөспірім суға батып кетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, әкімдік инспекторлары халық шомылуға көп баратын орындарды тексеріп шықты. Есіл, Қызылжар, Айыртау және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда, Петропавлда арнайы жарақтандырылмаған шомылатын орындарда қауіпті екендігін ескертетін бір де бір белгі болмаған. Жергілікті атқарушы органдар бұл жерлерде мобильді құтқару бекеттерін ұйымдастырмаған.
«Балалар суға кеткен соңғы үш жағдайда да өзен-көлдің басында суға шомылуға тыйым салынатындығы туралы ескерту болмаған. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның екі коммуналдық жағажайында қауіпсіз демалыс үшін жағдай жасалмаған. Яғни олар демалушыларды қабылдауға дайын емес, мұнда суға шомылу қауіпті.
Петропавлда екі арнайы орын белгіленген. Соның бірі – Есіл өзеніндегі ресми жағажайда қауіпсіз демалыс үшін қандай да бір инфрақұрылым жоқ. Сондай-ақ бұл жағажайдың айдынын тексерген кезде, жағадан 1,5-2 метр қашықтықта су астындағы топырақты тасқын кезінде 5,5-6 метр тереңдікке дейін шайып кеткендігі анықталды.
Сол себепті бұл шомылатын орынды белгіленген нормалар мен талапқа сай келтірілгенше жабу қажет», - дейді СҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Дмитрий Растихин.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта СҚО-да суға шомылуға арналған 60 орын бар, оның 50-і ғана бүгінде қауіпсіз. Айыртау ауданындағы демалыс орындарының 6 жағажайы әзірге жабық, ал төртеуі: Есіл өзеніндегі қалалық жағажай, Абакшино демалыс орнындағы және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның екі жағажайы адамдардың қауіпсіз демалысына дайын емес.
Бұған дейін Петропавлда 3,2 млрд теңгеге үстел теннисі орталығы салынып жатқанын жазған едік.