СҚО-да медбике екі баланың өліміне қатысты сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында кәсіби міндетін тиісті деңгейде атқармаған медицина қызметкері сот залында қамауға алынды.

Қылмыстық істі СҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты қарады. Сот үкімі ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 4-бөлігі (медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелуі) бойынша шығарылды.
СҚО сотының мәліметінше, былтыр маусым айында Қызылжар ауданы Надежка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке К. есімді тұрғын өзінің отбасы мүшелерінің улануына байланысты медициналық көмек сұрап жүгінген. Тергеу материалдарына сәйкес, учаскелік медбике Б. өз кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған. Ол жедел түрде алғашқы медициналық көмекті көрсетпеген, уланған адамдарды ауруханаға жатқызу шараларын қабылдамаған, жағдайдың ауырлығын ескере отырып, жаппай улану дерегі жөнінде құзырлы органдарға және аудандық аурухана басшылығына дер кезінде хабарламаған.
Салдарынан нитриттерден қатты уланған екі бала — үш және алты жастағы бүлдіршіндер көз жұмды. Сот барысында Б.-ның кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің көрсетуімен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді.
Мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тарап Б.-ны кінәлі деп танып, оны 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал айыпталушы мен оның қорғаушысы кінәні мойындамай, ақтауды өтінді.
Жазаны тағайындау кезінде сот айыпталушының жастығын және оң мінездемесін ескерді.
Сот үкімімен Б. екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол үш жылға дейінгі мерзімде медицина саласында қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге салайық, оқиға былтыр 13 маусым күні болған еді. Қызылжар ауданы Надежка елді мекенінде Коваленконың отбасы жергілікті дүкеннен кешкі асқа тұшпара мен шұжық алып жейді. Бірақ көп ұзамай бірінен соң бірі ауырып, жергілікті медқызметкерді көмекке шақырған. Үш жасар ұл мен 6 жасар қыз баланы құтқару мүмкін болмады.