СҚО-да медициналық қызметке түскен шағымдардың 80 пайызы емхана жұмысына қатысты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бергі 10 айда call-орталықтың 1414 нөміріне 339 адам арызданып хабарласқан. Көпшілік сапасыз көрсетілген қызметке шағымданған.

СҚО-да медициналық қызметке түскен шағымдардың 80 пайызы емхана жұмысына қатысты
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, шағымдардың 131 - сапасыз медициналық қызмет көрсетуге, 86 - медициналық көмек көрсетуден және 37 - дәрілік заттармен қамтамасыз етуден бас тартуға, 22 - медициналық қызметтерді ұзақ күтуге қатысты. Сондай-ақ тұрғындар МӘМС мәселесі, емханаға тіркелу және медициналық этика мен деонтологияны бұзу бойынша хабарласқан.

Талдау көрсеткендей, шағымдар негізінен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханалардың жұмысына байланысты. Бұл барлық түскен шағым мен өтініштердің шамамен 80%-ын құрайды.

«Облыс тұрғындары филиалға кеңес алу үшін де хабарласады, осы жылдың 10 айында 3 296 адам осы мақсатта хабарласты, оның ішінде 600-ге жуық адам біздің филиалдың азаматтарды қабылдау кабинетіне жеке өзі жүгінді. Өңірде шамамен 524 мың адам тұрады, оның ішінде 460 мыңға жуық тұрғын әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында «сақтандырылған» мәртебесіне ие. Бұл 83%-ға тең», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалы директоры Айнагүл Дәулетшина. 

Бұған дейін СҚО-да биыл тұрғындардың басым бөлігі жүйке және қан айналым жүйесінің ауруларынан қайтыс болғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар