СҚО-да медициналық пойыз мамандары бойжеткеннен туа біткен аномалияны анықтады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында болған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыз мамандары бір апта ішінде 2651 тұрғынды қарап, көмек көрсетті.

Саламатты Қазақстан
Фото: «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы баспасөз қызметі

Дәрігерлер қабылдау кезінде сирек кездесетін ауру түрлерін де анықтаған. Мәселен 18 жастағы қыз балаға «жатыр аплазиясы» диагнозы қойылды.

«Жатыр аплазиясы» — жатыр мүшесінің болмауы. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының құрамындағы гинеколог маманға жүгінген бойжеткен осы уақытқа дейін етеккір циклының мүлдем болмағанын айтқан. Ультрадыбыстық тексеру барысында қыз баланың репродуктивті жүйесінің дамымағаны анықталды. Бұл, мамандардың айтуынша, туа біткен аномалия болып есептеледі. Дәрігерлер бойжеткенге қосымша тексерілуге, МРТ жасатуға кеңес берді. Мұндай жағдайда дертті уақытында анықтап, білікті маманның көмегіне жүгіну аса маңызды. 

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы СҚО-да Ақсуат, Қайранкөл, Пресногорьковская, Тайынша, Чкалов, Дауыт, Қызыл ту станцияларына тоқтап, тұрғындарды қабылдады

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры Айнагүл Давлетчинаның айтуынша, медициналық пойыздағы мамандар бір апта ішінде 2651 адамды, соның ішінде 416 баланы тексеруден өткізді. 

«Тұрғындар медициналық пойыздағы мамандарға көріну үшін кезекке тұрды. Ең көп сұранысқа ие болған — терапевт, 876 адам маман тексерісінен өтті. Хирургке шамамен әр төртінші адам қаралды. Ауылдық жерлерде невропатолог сұранысқа ие, сол себепті 530 адам маман қабылдауында болды. 294 адам стоматологке көрініп, дәрігер 276 тісті жұлды. Мыңға жуық зертханалық тексеріс, рентген, УЗИ, ЭКГ жасалды. Мұның бәрі МӘМС аясында ақысыз негізде жүргізілді», — дейді Айнагүл Давлетчина. 

Бұған дейін СҚО-да жеті айда 49 адамның коронавируспен ауырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар