СҚО-да «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өтіп, республикаға өңір атынан баратын үйелмен анықталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға 70 шақты өтініш түскен, оның 28-і облыстық кезеңге жетті. Қатысқандардың жартысы – көп балалы отбасылар, бұдан бөлек әр шаңырақтың өз жетістіктері бар, бірінің ұл-қызы спортта чемпион болса, енді бірі табысты еңбек етіп, қоғам өміріне белсене қатысып жүр.

Нәтижесінде түрлі сыннан сүрінбей өткен Ақжар ауданы Талшық ауылынан келген Хасеновтер отбасы жеңімпаз деп танылды.

Отағасы Нұрқасым әртіс, әнші, күйші, өзі орындайтын әндердің авторы. Сондай-ақ, спортшы, аудандық «Қазақ ауыл» командасының капитаны. Әлеуметтік желіде де белсенді, блогер қайырымдылық іс-шараларға белсене араласады.

Нұрқасымның бастамасымен, жергілікті шаруа қожалығының қолдауымен көпбалалы отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік желілерде ауылдастары қызыға тамашалайтын «Түнгі шай», «Ауылдың кеші көңілді», «Шайхана», «Ашылайық» атты түрлі жобалар мен бағдарламалардың авторы.
2013 жылы шаңырақ көтерген Нұрқасымның келіншегі Ақмарал мектепте психолог болып жұмыс істейді. Қазір декерттік демалыста, бесінші сәбиіне аяғы ауыр.
«2013 жылы осы байқауға менің әке-шешем қатысқан еді. Сол кісілердің ізін жалғап, байқауда бас жүлде алып жатқанымызға қуаныштымын. Көптеген тапсырма болды. Талап – шаңырақта отбасы құндылығы, бала тәрбиесі бірінші орында тұруы керек. Төрт қызымыздың біреуін өнерге, біреуін спортқа баулып жатырмыз», - дейді Нұрқасым Хасенов.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде қатысушылар, сондай-ақ 6 аталым бойынша да түрлі марапатқа ие болды.
Бұған дейін Петропавлдағы СҚУ колледжінің биыл жабылмайтынын жазған едік.