СҚО-да мыңға жуық ұстаздың орны бос тұр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында ауылдық жерлерге ғана 675 мұғалім керек.

Облыстық әкімдікте жаңа оқу жылына әзірлік пысықталды.
СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Гүлнар Таласбаеваның айтуынша, биыл өңірде 11 мектеп реновациядан өтсе, тағы оны күрделі жөнделіп және 42 мектеп жаңғыртылып жатыр.
— Реновация жүріп жатқан 11 мектептің бәрінде жұмыс бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Алайда, қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты кейбір мектептерде реновация кешенді емес, тек жекелеген бағыттар бойынша жүзеге асады. Облыстың барлық мектебінде ішкі санитарлық бөлмелер болғанымен, 102 дала дәретханасы әлі де мектеп аумағында тұр. Олар жаңа оқу жылы басталғанға дейін жойылуы тиіс, — деді Гүлнар Таласбаева.
Мектептерде мұғалімдер ғана емес, директорлар да жетіспейді, 444 мектептің 44-інде басшы орны бос тұр. Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 925 түлек оқу орнын бітірген, олардың жұмысқа орналасуын да департамент бақылауға алған.
— Биыл 38 білім беру мекемесі мемлекеттік аттестациядан өтті. Оның 11-і ғана жақсы нәтиже көрсетті. Өте алмаған 27 мектептің тоғызы барлық олқылықты жойды. Қалған 17 мектептің аттестацияны қайта өту кезегі жеткен жоқ. Жалпы салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтырғымен салыстырғанда кемшіліктер саны азайған, — дейді департамент басшысы.
Бұған дейін СҚО-да жаңа оқу жылында екі жаңа мектеп пайдалануға берілетінін жазған едік.