СҚО-да он айда мас жүргізушілер кінәсінен бір адам мерт болып, 24-і жарақаттанды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында өткен демалыс күндері 10 мас жүргізуші ұсталды. Енді олар 7-8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылмақ.

полиция
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен демалыс күндері тәртіп сақшылары Петропавлдағы орталық көшелердің қиылысында «ВАЗ-21070» автокөлігін тоқтатқан. Рульде 29 жастағы ер адам болған.

полиция көлігі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Оны тексерген кезде спирттік ішімдіктің иісі шығып тұрған, алайда жүргізуші медициналық куәландырудан бас тартқан.

полиция көлігі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

«Тәжірибе көрсеткендей, адамдардың көпшілігі демалыс күндері спирттік ішімдік ішіп, кешке жақын немесе түн ортасында көлік тізгініне отыруды әдетке айналдырған. Дәл осы уақытта полицейлер де жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмысын күшейтеді. Мас ұсталғандар әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Жүргізуші медициналық куәландырудан бас тартқан жағдайда 15 тәулікке қамаққа алынып, ұзағырақ мерзім — 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады», — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.

Жалпы өткен демалыс күндері Петропавлда және облыс аудандарында 10 мас жүргізуші анықталды. Ал биылғы 10 айдың ішінде мас жүргізушілердің кінәсінен 18 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 1 адам мерт болды, 24 адам жарақат алды.

«Көлікті мас күйде жүргізу — жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылығы саналады. Мұндай фактілердің жолын кесу бойынша жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрады», — дейді Александр Розбах.

Бұған дейін СҚО-да үш аптада заңсыз аңшылықтың 100-ден астам фактісі тіркелгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар