СҚО-да өрт жиілеп кетті. Қоқыс жаққандарға айыппұл салынуда

Әлеуметтік желіде Хром зауыты кенті маңында шыққан өрттің бейнежазбасы тарады. Бұл жолы да қамыс өртенген. Қазіргі уақытта оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Дмитрий Растихиннің айтуынша, 4 сәуірден бастап СҚО-да өрт қауіпті маусым басталды. Осы аралықтан бері қураған шөп, қамыс жанған 250 шақты өрт тіркелген. Үш орман өрті болды.
«Өңірде жағдай ушыққан. 12 сәуір күні Заречный кентіндегі саяжай кооперативтерінде үлкен өрт тіркелді.
Кеше Северный 1Б мекенжайы бойынша қамыс өртеніп, желдің салдарынан жалын сол маңдағы айыппұл тұрағына ауысты. Көліктер бір-біріне өте жақын тұрған. Салдарынан 6 көлік жанып кетті, тағы төртеуі зақымданды.
Ол қамыс өскен батпақты жер, жол жоқ, өрт шыққан аумаққа жету қиындық тудырды. Мамандар жаяулап-жалпылап, жұмыс істеді. Теміржолмен жүруге тура келді. Жақын маңда орналасқан мұнай базасына қауіп төнді. Жалынның жолын бөгеп, таралуына жол бермедік. Ең бастысы адам шығыны жоқ», - дейді Дмитрий Растихин.
15 га аумаққа жайылған өртті мамандар 3 сағаттан астам уақыт сөндірді. Бүгінде өрт сөндірушілердің жұмысы қауырт. Өткен тәулікте облыста 12 өрт тіркелді, бұған қоса мамандар 46 шақыртуға барды. Жалпы алғанда 60 га-дан астам жер өртенді.
«Биыл көктем ерте шықты, әрі құрғақ. Жаңбыр жауған жоқ. Үлкен өрт болған саяжай учаскелері соңғы жеті жыл бойы бұл уақытта су астында тұратын. Учаскелердің көпшілігі иесіз жатқан. Өрт салдарынан «Ренет» және «Кировец-3» саяжай қоғамдастықтарында 201 түрлі құрылыс – монша, үй-жай, дәретхана, қора-қопсы жанып кетті. Олардың 120-сы иесіз бос жатқан.
Осыған орай өңір тұрғындарын ескерткім келеді, орманда болсын, үй маңында, қайда болмасын от жағуға тыйым салынған», - дейді басқарма бастығы.
Қазіргі уақытта облыста 30 шақты мобильді топ құрылған. Оған полицейлер, жергілікті атқарушы билік өкілдері, орманшылар мен құтқарушылар кірген. Дмитрий Растихиннің айтуынша, осы күнге дейін өрт қауіпсіздігін сақтамағандарға 30-дан астам айыппұл салынды. Айыппұл мөлшері 10 АЕК-тен 2 мың АЕК-ке дейін.