СҚО-да өрттен 44 адам мерт болды, оның алтауы - бала
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысын сынға алды.

Оған себеп те жоқ емес. Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы және осы жылдың алғашқы үш айында өңірде 558 өрт тіркеліп, 44 адам, оның ішінде 6 бала мерт болған. 56 адам зардап шеккен. Келтірілген жалпы материалдық шығын 260 млн теңгеге жетіп отыр.
Осыған орай СҚО прокуратурасында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен оның аумақтық бөлімшелеріндегі азаматтық қорғау, соның ішінде өрт қауіпсіздігі саласындағы заңдылықтың сақталу мәселесі бойынша ведомствоаралық кеңес өтті. Жиынға облыстық және аудандық деңгейдегі төтенше жағдайлар ведомстволарының басшылары қатысты.

Прокурорлардың айтуынша, тексерулерді сапасыз жүргізу, нұсқамалардың орындалуын бақылаудың болмауы, тексеру мерзімдерін бұзу және тиісті хабарламаларды тапсыруда заң бұзу фактілері бар.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар өрт қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігіне тоқталып, оның тұрғындардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан бұл салада барлық жауапты органдар тиімді әрі үйлесімді жұмыс істеуі тиіс екендігі ескертілді.
Кеңес қорытындысы бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментіне анықталған заңбұзушылықтарды жою және аумақтық бөлімшелердің қызметіне бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Тексеру нәтижесінде прокуратура органдары 10 қадағалау актісін енгізіп, олардың негізінде заңбұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Бұған дейін СҚО жолдарында биыл 16 адам мерт болғанын жазған едік.