СҚО-да өткен тәулікте 5 елді мекен тұрғындары эвакуацияланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Шал ақын, Есіл және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда су тасқынына қатысты жағдай күрделі. Өткен тәулікте осы аудандардағы 5 ауылдан 178 адам қауіпсіз жерге шығарылды. 

малды құтқару
Фото: СҚО ТЖД

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, эвакуацияланғандардың 47-сі – бала. Бұл жұмысқа жергілікті атқарушы органдардан 41 адам және 11 техника тартылды.

эвакуация
Фото: СҚО ТЖД

Есіл ауданы Жарқайың ауылынан 44 адам қауіпсз жерге шығарылды. Оның жартысы Өрнек орта мектебінде ашылған эвакуациялық пунктке жеткізілсе, қалғандары туыстарын паналады. Су басқан ауылдан 730 мал қауіпсіз жерге шығарылды.

«7 сәуір күні кешке Петровка ауылдық округінің Бірлік ауылында болдым, онда Есіл өзенінің тасу қаупі жоғары және тұрғын үйлерді су басу қаупі бар. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерге су келген жоқ, осыған байланысты төтенше жағдайды болдырмау үшін аудан әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғындарды эвакопунктке көшіру ұйымдастырылды», - деді оқиға орнында жүрген Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров.

Бұған дейін СҚО-дағы Сергеев су қоймасы 180 % толғанын айтқан едік. Бөгеннің қырынан асып төгілген судың биіктігі сағат 8.00-дегі жағдай бойынша 415 см-ге жетті.

Соңғы жаңалықтар