СҚО-да өткен тәулікте көктайғақ салдарынан жолдарда үш адам жарақат алды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының аумағында өткен тәулікте 3 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 3 адам жарақат алды. Полицейлер көктайғаққа байланысты жолдарда абай болуға шақырады.
Өткен тәулікте СҚО-да қар жауып, боран тұрды. Түстен кейін күн ашылғанымен, көктайғақ көлік жүргізушілері мен жүргіншілердің қозғалысын қиындатты.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте адамдар жарақаттанған үш үлкен жол-көлік апаты тіркелді.
Мысалы, «Астана-Петропавл» республикалық маңызы бар автожолында «Volkswagen Passat» автомашинасының жүргізушісі рульді басқара алмай, «Mersedes» маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан екі адам жарақат алды.
Сондай-ақ, қалың жауған қар трассалардағы жағдайды күрт қиындатып жіберді. Боран кезінде «Астана-Петропавл» автожолының 446-шақырымында жүк көлігі жол жиегіне шығып кетті. Полицейлер ауыр жүк көлігін жолға қайтару үшін басқа жүк көлігін тауып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Ал «Көкшетау-Рузаевка» автожолының 77-шақырымы Антоновка ауылы маңында ГАЗель көлігі жолдан шықты. Жүргізуші зардап шеккен жоқ. Тәртіп сақшылары тиегіш пен манипуляторды іздеуге көмектесіп, көп ұзамай автокөлік сапарын жалғастыра алды.
Полицейлер жүргізушілерді әсіресе көктайғақта аса қырағылық танытуды, міндетті түрде қысқы дөңгелектерге ауыстыруды, көлікті шұғыл тежеуге болмайтыны ескертеді. Жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін мүлтіксіз сақтау, маневрлер мен басып озу кезінде қырағылық танытып, сондай-ақ қажетті ара қашықтықты сақтаған жөн.
Сондай-ақ, СМС-хабарландыруды қадағалау қажет, қолайсыз ауа райында елді мекендерден тыс жерлерге шұғыл қажеттіліксіз шықпау, сондай-ақ әрқашан өзімен бірге жылы киім алып жүру қажет.
Бұған дейін СҚО-ға қыс келіп, қалың қар жауғанын жазған едік.