СҚО-да өзендер суының күрт көтерілуіне байланысты ескерту жарияланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында екі гидрологиялық бекетте Есіл мен Қамысақты өзендерінің су деңгейі қауіпті межеге жақындап қалды. Осыған орай өңірде ескерту жарияланды.

жолды су шайып кетті
Фото: видеодан алынған скрин

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, сағат 16.00-дегі гидрологиялық мониторинг бойынша таңғы сағат 8.00-ден бастап осы уақытқа дейін Крещенка елді мекені маңындағы Есіл өзені бірден 4 метрге көтерілген. Қауіпті деңгей 1400 см, қазір 1389 см-ге жеткен.

Сондай-ақ Ясновка елді мекенінің жанынан өтетін Қамысақты өзенінің су деңгейі қауіпті 720 см-ге жақындап қалды. Таңертеңнен бері 91 см-ге көтеріліп, 663 см болды.

Айыртау және Есіл аудандарының алқаптарынан еріген қар суы келіп жатыр, соның есебінен су деңгейі әлі де көтерілмек. Қауіпті деңгейден асқан жағдайда өзеннің төменгі ағысында орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарын және автожолдарды су басу қаупі бар.

Бұған дейін СҚО-да республикалық маңызы бар автомобиль жолының бес учаскесін су шайып кеткенін айтқан едік.

Сондай-ақ су кірген ауылдарға тұрақтандыру қорынан азық-түлік жеткізілетінін хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар