СҚО-да парамен ұсталған 2 шенеунік пен кәсіпкер сотталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша ауданы әкімінің орынбасары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы пара алғаны үшін сотталды. Оларға пара берген жеке кәсіпкер де жазасыз қалмады.

сот
Фото: Pexels

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, шенеуніктер осы жылдың мамыр айында ұсталды. Сол кезде аудан әкімінің міндетін атқарған Еркебұлан Дүйсембин және бөлім басшысы Дмитрий Руденко «Компания «МегаСтройИнвест» ЖШС және «ВТВ-Тайынша» ЖШС өкілі Ваге Акопяннан пара алған. Шенеуніктер атқарылған жұмыс актісіне кедергісіз қол қоюды 10 млн теңгеге бағалаған. 
2 мамыр күні Руденко 5 млн теңге, келесі күні қалған соманы алған. Сотталғандардың кінәсі толық дәлелденді. Десек те үкім шығарарда олардың кішкентай балаларының барлығын ескерді.
Петропавл қалалық соты Е.Дүйсембинді ҚР ҚК 366 бабының 3 бөлімі 2 тармағы бойынша 7,6 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.
Д.Руденко да осы бап бойынша сотталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Екі шенеунік те өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Ал пара берген кәсіпкер В.Акопян ҚР ҚК 367 бабының 2 бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 3,6 жылғы сотталды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін СҚО жолдарында қыста 200-ден астам жылыту бекеті жұмыс істейтінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар