СҚО-да полицейді балағаттаған ер адам қоғамдық жұмысқа жегілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшысын балағаттаған ауыл тұрғыны 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданы Чкалов елді мекенінде ер адам қоғамдық орынға мас күйде келген. Кейін Чкалов полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмақ болады. Ауыл тұрғыны өз міндетін атқарған тәртіп сақшысын қорлап, түрлі балағат сөз айтқан. Полиция қызметкерінің ескертуін елемеген. Чкалов дәрігерлік амбулаториясында медициналық тексеруден өту кезінде де билік өкіліне әдепсіз сөздер айтқан.
Сот үкіміне сәйкес ер адамға 60 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Сотталған күніне 4 сағат бойы жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарға қоғамдық жұмыстарды атқаруға шығады. Оның өз жазасын орындауы Тайынша ауданының пробация қызметінің бақылауында болады.
«Сотталған тұратын жерінде, біліктілікті қажет етпейтін қоғамдық жұмыстарға тегін жегіледі. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар береді. Сотталған пробация қызметіне тұрғылықты жерінің өзгергені туралы хабарлауға міндетті. Сондай-ақ айына бір рет пробация қызметіне тіркелу және профилактикалық әңгімелесуге қатысу үшін келуге міндетті», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД Тайынша ауданы пробация қызметінің инспекторы Дулат Шәріпов.