СҚО-да полиция тоқтатқан жүк көліктерінің әр екіншісінде артық салмақ болған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер рейд аясында 7 ауыр жүк көлігін тоқтатып, оның 4-еуінен артық салмақ анықталды.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейген. Өзекті мәселелердің бірі – ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақ нормаларын сақтамауы.
«Оңтүстік» бақылау бекетінде инертті материалдарды шамадан тыс артқан төрт көлік иелері жауапқа тартылды.
- Көлікке тиелген артық салмақ жолдағы қауіп-қатерді арттырады. Көлікті басқаруды қиындатып, тежеу жолын ұзартады, - дейді тәртіп сақшылары.
Әкімшілік полицияның мәліметінше, биылғы тоғыз айда СҚО-да жүк көліктерінің жүргізушілері кесірінен болған 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 5 адам мерт болып, 25 адам жарақат алды.
Қаңтардан қыркүйекке дейін облыста барлық жол-көлік оқиғалары салдарынан 30 адам көз жұмды. Яғни, жол-көлік оқиғаларынан мерт болғандардың әрбір алтыншысы жүк көлігі жүргізушілерінің кінәсінен көз жұмған.
Бұған дейін Петропавл-Көкшетау жолында бес көлік соқтығысып, үш адам көз жұмғанын жазған едік.
Кейін екі жүк көлігінің арасында қыстырылып қалған Audi автокөлігінің тағы бір жолаушысы қаза болды.