СҚО-да Ресейден әкелінген тауықтың тартылған етінің қауіпті екені анықталды
Денсаулыққа қауіпті тартылған ет ведомство өкілдері тексеріс жүргізген «НАН-плюс» дүкендер желісінен анықталды. Мамандар микробиологиялық зерттеулер жүргізіп, еттен сальмонелла бактерияларын анықтаған. Белгілі болғандай, бұл алғашқы оқиға емес екен. Осыған дейін де Пенза кәсіпорнының өнімі Қазақстанда сынға ұшыраған. «Бұл өнімнің эпидемиологиялық қаупі бар. Барлық сауда орталықтарына, тауарды жеткізушілерге хабарлама жібердік. Жеткізуші сауда желісінен ығыстырылды, зертханалық зерттеу жүргізілуде. Микробиологиялық көрсеткіштерге, антибиотиктердің болуына зерттеу жүргізілді. 2 маусым күнгі зерттеу хаттамасына сәйкес одан С тобындағы Salmonella анықталды», - деді СҚО Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім жетекшісі Наталья Беляева. Айта кетейік, Ресейдің Пенза облысының «Васильевская» құс фабрикасында қатырылған 11 тоннадан астам тауықтың тартылған етін «Активайс-НОРД» ЖШС петропавлдық жеткізуші компаниясы сатып алған.