СҚО-да Республика күніне орай халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Республика күніне орай ауқымды бағдарлама жоспарланған. Оның аясында түрлі іс-шаралар – семинарлар, көрмелер, концерттер, фестивальдер өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірисовтың айтуынша, мерекенің әлеуметтік миссияларының бірі – әрбір азаматтың мұқтаж жандарға көмек көрсетуіне мүмкіндік беру. Осыған орай, волонтерлік, қайырымдылық және еріктілер ұйымдары арқылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін «Жанашыр Жүрек» республикалық акциясы өтіп жатыр.

Жалпы, СҚО-да Ұлттық мереке – Республика күнін тойлауға арналған іс-шаралар басталып кетті. Мәселен, бүгін «Абылайхан резиденциясы» музей кешенінде «Тәуелсіздік – бабалардың ұраны» көрмесі ашылады. Көрермен назарына қазақтың ұлттық қарулары – садақ, найза, қылыш, сойыл, балта секілді бірнеше түрі қойылған.

«Мерекеге орай кітапханаларда түрлі көрме, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Театрларда тақырыптық қойылымдар жоспарланған. Мәселен, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Елім-ай» спектаклі көрерменге жол тартады. Сауда-ойын-сауық орталықтары концерттер, мерекелік бағдарламалар өткізеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өңірдің түрлі этнос өкілдері арасында патриоттық іс-шаралар, «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» эгидасы аясында жаппай экологиялық акциялар өткізіледі», - дейді Досбол Әбдірисов.

Дәстүрлі күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де биыл мерекеге орайластырылып, 22 қазанда өтпек.

«Qyzyljar – шеберлер мекені» халықаралық қолөнершілер фестивалі жоспарланған. Фестиваль барысында шеберлік сыныптары өтіп, жәрмеңке болады. Оған Тәжікстан, Қырғызстан, Ресейден және Қазақстанның басқа да өңірлерінің шеберлері қатысады. Қазанның 24-25-і қолөнершілер фестивалі Орталық алаңда жалғасады.

Петропавлда халықтық мереке 24 қазан орталық алаңда Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістерінің концертімен басталады, ал 25 қазан күні «Ninety One» тобының қатысуымен «Қыран елім – Қазақстаным!» мерекелік концерті өтеді», - дейді басқарма басшысы.

Мерекеге орай, облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар жаңа нысандар ашылып, пайдалануға берілмек.


Соңғы жаңалықтар