СҚО-да республикалық автожолдарда биыл 10 жоба жүзеге аспақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында биыл 281 км жөнге келтірілмек. Бұл мақсатқа бюджеттен 22 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ СҚО бойынша филиалының мәліметінше, биыл жүзеге асуы тиіс он жоба аясында 30 км жол жаңғыртылады, жалпы ұзындығы 57,7 км болатын екі нысанда күрделі жөндеу жүргізілсе, қалған 7 нысан – 193 км орташа жөндеу жұмысы атқарылады.
Республикалық маңызы бар «Челябіге барар РФ шекарасы-Петропавл, Омбы арқылы Новосібірге барар РФ шекарасы» М-51 автомобиль жолының 633-648 км таңдамалы түрде орташа жөндеу жұмысы басталды. Бұл учаске СҚО М.Жұмабаев ауданының аумағында орналасқан, жалпы ұзындығы 14 км.

Жұмысты «ДОРОЖНИК АШЫҚ АСПАН» ЖШС атқарып жатыр. Шарт былтыр қараша айында жасалды. Мердігер компания жол бетін тегістеп, асфальтбетон жабынын жөнге келтіреді және жол жиектерін орнатады. Сондай-ақ жол таңбаларын салып, жол белгілерін ауыстыру жоспарланған. Жұмыс биыл аяқталады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде автомобиль жолымен жүру уақыты қысқарады және техникалық сипаттамасы жақсарып, өңірдің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы биыл республикалық маңызы бар автожолдарды қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 21,9 млрд теңге көлемінде ақшалай қаражат бөлінді.
Бұған дейін Петропавлдағы «Солнечный-2» шағын ауданында тасқыннан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлердің алғашқы легі 5 маусым күні пайдалануға берілетіндігін айтқан едік.