СҚО-да саңырауқұлақ теруге шығып, адасқан әйел ауылынан 10 км ұзап кеткен
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында орманға барған зейнеткер бағдарын жоғалтып, адасып кеткен.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданы Троицкое елді мекенінің тұрғыны саңырауқұлақ теру үшін үйінен шығып кеткен. Әйел кешіккендіктен жұбайы алаңдап, полициядан оны табуға көмектесуді сұрады.
Жоғалған әйелді іздеуге полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Оларға көмекке ауыл тұрғындары қосылды. Іздестіру жұмыстарын ұйымдастыруды аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Жоламан Аубакиров қолына алды.
Жергілікті тұрғындар мен тәртіп сақшылары топ-топқа бөлініп, жақын маңдағы ормандарды түгелдей аралап шықты. Іздеу жұмыстары шамамен үш сағатқа созылды. Кешке қарай майор Аубакировтың тобы зейнеткердің даусын естіп, шаршаған әйелді тауып, орманнан алып шықты.
Ауыл тұрғыны бала кезінен жер жағдайын жақсы білгенімен, бұл жолы бағдарынан жаңылып, кешке дейін орман ішінде жүрген. Полицейлер оны ауылынан шамамен 10 шақырым жерден тапты. Зейнеткер тәртіп сақшыларына және іздеу жұмысына қатысқан барша адамға алғысын білдірді.
Полиция қызметкерлері табиғат аясына шыққанда барынша сақ болуды, топтан бөлінбей бірге жүруді және өзімен әрдайым телефон алып жүруді еске салады.
Бұған дейін СҚО-да прокурорлардың араласуынан кейін 30 шақты инвестордың мәселесі оң шешілгенін жазған едік.