СҚО-да санитар дәрігерлер тексерген ойыншықтардың 61 пайызы талапқа сай болмай шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында санитар дәрігерлер жыл басынан бері ойыншықтардың 82 сынамасын тексерсе, соның 50-і түрлі көрсеткіштер бойынша талапқа сай келмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан мамандар балалар ойыншықтарының 82 сынамасын тексерді. Олардың 50-і, яғни 60,97 %-ы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген. Соның ішінде үлгілердің 86,2 %-ы таңбалау бойынша және 13,7 %-ы санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша.

«Талдау жүргіздік, нарықтағы талапқа сәйкес келмейтін өнімнің 28 %-ы ЕАЭО кіретін мемлекеттерден жеткізілсе, қалған 72 %-ы басқа импорттаушы елдерден жеткізілген. Соның ішінде ең үлкен үлес Қытайға тиесілі - 40 %, Ресей Федерациясы – 26 %, Өзбекстан – 12 %, Ұлыбритания – 6 %, Жапония – 2 % және шыққан жері белгісіз өнімдер – 14 %.

Заң бұзушылықтар негізінен таңбалауға қатысты, көбінесе өндірушінің атауы мен орналасқан жері, импорттаушы, онымен байланысуға арналған ақпарат, шығарылған күні, ЕАЭО белгісі, таңбалау және ойыншықпен бірге орыс және мемлекеттік тілдерде берілген техникалық құжаттама болмайды», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің техникалық регламенттердің талаптарын бақылау бөлімінің бас маманы Әділ Құрғынбаев.

Өнім қауіпсіздігі мониторингінің қорытындысы бойынша сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты оны сатушыларға заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілген. Сондай-ақ шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне хаттар жіберілді.

«Балаларға арналған тауарларды сатып алмас бұрын, таңбалауына аса мән беру қажет. Ол жерде өнімнің толық сипаттамасы болуы тиіс. Есіңізде болсын, зиянды заттар шамалы асып кетсе де улануға әкеп соқтырады. Сондықтан ата-аналар сатушылардан өнім сертификаттарын талап етуі қажет және иіскеп көргені жөн. Көптеген адамдар ұялады, бірақ сіз ойыншықты иіскегенде, егер ол улы болса, оның өткір иісі болады. Фенол қолданылса, егер сіз оны иіскесеңіз, белгілі бір уақыттан кейін ойыншық тәтті иіс шығара бастайды», - дейді Әділ Құрғынбаев.


Соңғы жаңалықтар