СҚО-да санитариялық қызмет маманы Мағжанның 100-ден астам өлеңін жатқа оқиды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова Мағжан Жұмабаевтің 100-ден астам өлеңін жатқа біледі.

СҚО-да санитариялық қызмет маманы Мағжанның 100-ден астам өлеңін жатқа оқиды
Фото: А. Сағандықованың жеке мұрағаты

Мектепте жүргенде түрлі байқауларға қатысып, топ жарған бойжеткен қазір де мемлекеттік қызметшілер арасында өтетін жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Қызылжар өңірінде туып, артында өшпес мұра қалдырған ақынның өлеңдерін насихаттап жүрген Айнаш Жұмағалиқызын ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартты.

Айнаш Жұманғалиқызы, оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып кетіңізші...

Мен СҚО Аққайың ауданы, Дайындық ауылында дүниеге келдім. 2010 жылы Дайындық негізгі мектебін бітіргеннен кейін, оқуымды Солтүстік Қазақстан университетінің колледжіне түсіп білім беру мекемесін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтадым. Кейін Манаш Қозыбаев атындағы мемлекеттік университетінде осы мамандық бойынша жоғары білім алдым. Бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек етіп жатырмын.


-Мағжанның 100-ден астам өлеңін мүдірмей жатқа айтасыз. Ақынның өлеңдерін жаттауға қызығушылық қайдан туды ?

Бала кезімнен әдебиетке жақынмын, өлең оқу, шығарма жазу өте ұнайтын. Бастапқыда өлеңдерді жаттауға туған әпкем Сәлиманың ықпалы болды. Ол менен бір сынып жоғары оқитын. Сәлима 5-сыныптан бастап «Абай оқуларына» қатысты. Үйде оның күн сайын өлең жаттап жүргенін, байқауларда орын алып жүргенін көріп: «Менің де қолымнан келеді ғой» - деген ой келді. «Кейін кім қанша өлең жаттады?» деген өзара жарыс пайда болды.

Содан 7-сыныпта оқып жүрген кезде қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстазым Самал Нұрмаханбетова қабілетімді байқап, қолыма Мағжан Жұмабаев атамыздың кітабын ұстатып: «Мағжан оқуларына қатысасың, дайындал», – деді. Ұсынысқа қуана-қуана келістім.

Ең бірінші жаттаған өлеңім - «Туған жер». Бір жыл ішінде ақынның 100-ден артық өлеңін жаттап, аудандық байқауда жеңіске жеттім.


- Қандай өлеңдеріне басымдық бердіңіз ? Мағынасы мен мазмұны маңызды болар ?

Мағжан атамыздың әрбір өлеңі тұнып тұрған тәрбие десем артық айтқаным емес. Мағжан – сыршыл, лирик ақын. Сұлу жырлары арқылы кең-байтақ жерімізді мадақтап өтті. Мағжан поэзиясының тақырыбы әр алуан ғой. Ол жырламаған тақырып жоқ шығар. «Домбыра», «Зарлы сұлу», «Тілегім» сияқты көптеген өлеңдерінде сол кездегі мәселелерді көтерді. «Сарғайдым», «Түс», «Анама», «З-ға» сияқты өлеңдері түрмеде отырғанда туып, жан арпалысын суреттеді. Жалпы, кез келген өлеңдерін жаттай беретінмін.

- Бір өлеңді жаттауға, әдетте қанша уақыт кетеді ? Тез есте сақтау үшін өзіңіздің бір тәсіліңіз бар шығар ?

Бір күнде 2 өлең жаттайтынмын. Есте тез сақтаудың тәсілі жоқ, бірақ әлі күнге дейін өлең оқығанда немесе ән тыңдағанда сол өлең немесе ән көңілімнен шықса, бірден сөздері есімде қалып қояды. Сосын күні бойы, көбіне, әндерді қайталап жүремін. Бұл қабілет Алланың маған берген сыйы шығар.


-Өмірде осы жаттағандарыңызды қолданасыз ба, көмегі бар ма ?

Өлең жаттаудың пайдасы зор, сөздік қорың молаяды, есте сақтау қабілетің жақсарады. Мектепте, колледжде оқып жүргенде 20-25 беттік шығармаларды бір рет қана оқып, мазмұнын зуылдатып айтып беретінмін. Қасымдағылар таң қалатын. Ауызша емтихандарда де пайдасы тиетін. Осы күнге дейін талай байқауларға, жарыстарға қатыстым. Соның арқасында біраз адаммен танысып, достар таптым. Әрбір байқаудан кейін ашыла, шыңдала түстім. Жеткен жетістіктерім де аз емес. Мемлекеттік қызметшілер арасында да өлең оқудан, эссе жазудан қалалық, облыстық, республикалық байқаулар өткізіліп тұрады. Сол байқауларда бағымды сынап тұрамын.


- Мағжанның Сізге ең қатты ұнайтын өлеңі қандай және оны неліктен ұнаттыңыз ?

Маған М. Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі өте ұнайды. Мағжан атамыз сол заманның өзінде білімді, жалынды жастарға сенім артқаны әрбір адамды жігерлендіреді деп ойлаймын.

- Кітап оқисыз ба? Сүйікті ақын-жазушыңыз бар ма ?

Кітапты көп оқимын деп айта алмаймын. Уақытым бос болса оқуға тырысамын. Мағжан Жұмабаев, Абай Құнанбаев, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Аймауытов, Қасым Аманжолов аталарымыздың шығармалары ұнайды.

- Әдебиетке жақынсыз, неліктен осы саланы таңдамадыңыз ?

Бала кезде форма киген адамдарға қызыға қарайтынмын. Арман қуып, «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түстім. Уақыт өте келе ойым өзгерді, бұл салаға көңілім жатпайтынын түсіндім.

Оқуымды аяқтағаннан кейін 2 жылдай заңгердің көмекшісі болып қызмет атқардым. 2015 жылы мемлекеттік қызметке келдім.

Үйде 3 қызбыз. Мен – ортаншысымын. Әпкем мен сіңлім өмір жолдарын әдебиет саласымен байланыстырған.

Әдебиеттен бөлек спортқа деген қызығушылығым бар. Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан аудандық, қалалық, облыстық жарыстардың жүлдегерімін.


Әңгімеңізге рахмет!