СҚО-да сарапшылар жаңа алаяқтық тәсілдерді атады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Елімізде соңғы бес жылда 86 мың адам қаржы пирамидасына кіріп, 37 млрд теңгесінен айырылды.

 СҚО-да сарапшылар жаңа алаяқтық тәсілдерді атады
Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

Петропавлда қаржылық алаяқтық мәселесіне арналған әр сала мамандарының қатысуымен семинар өтті. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге зейнеткерлер мен «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары жиналып, алаяқтық белгілерін анықтау және қорғану жолдарымен танысты.

 СҚО-да сарапшылар жаңа алаяқтық тәсілдерді атады
Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

СҚО Полиция департаменті киберпол басқармасының аға жедел уәкілі Милена Балацкаяның айтуынша, қазіргі таңда «фишинг», «вишинг» және «смишинг» кең таралған алаяқтық тәсілдерге жатады. Алаяқтар жалған сілтемелер таратып, банк не мемлекеттік орган қызметкері ретінде қоңырау шалады, құпия ақпаратты алдап алуға тырысады. Мәселен жақында Петропавлдың 63 жастағы тұрғыны «Ұлттық банк қызметкерінің» нұсқауымен мобильді қосымша орнатып, 740 мың теңгесінен айырылды.

- Алаяқтар көбіне кешке хабарласып, тез шешім қабылдауға итермелейді. Алайда, банк не полиция қызметкері ешқашан сізден SMS-код, CVV-код немесе белгісіз қосымшаларды жүктеуді сұрамайды, – дейді Милена Балацкая.

СҚО-да сарапшылар жаңа алаяқтық тәсілдерді атады
Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

Полиция деректеріне сүйенсек, соңғы уақытта алаяқтар коммуналдық мекемелер, «Қазпошта» немесе арнайы органдар атынан қоңырау шалатын болған. Сондай-ақ, 1414-тен келген SMS-код арқылы «қызметті растау», жалған ұтыс не мемлекеттік жәрдемақы жайлы хабарламалар арқылы зиянды сілтемелерді жіберетін болған.

- Ешқашан бейтаныс сілтемеге өтпеңіз, ақшаға қатысты күмәнді хабарламаларға сенбеңіз. Кез келген жағдайда банкке немесе тиісті органға тек ресми байланыс нөмірі арқылы хабарласыңыз, – деді полиция өкілі.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Виктория Алпеева 2021 жылдан бастап елімізде 99 қаржылық пирамида таратылып, 86 мың адамның зардап шеккенін айтты. Осы жылдар аралығында келген шығын 37 млрд теңгеден асқан.

СҚО-да сарапшылар жаңа алаяқтық тәсілдерді атады
Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

Оның айтуынша, қаржылық пирамидаларға тән белгі - орасан зор табыс туралы уәде береді, жаңа салымшыларды тартуға ынталандырады, керемет жарнама және лицензияның жоқтығы. Жобаны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан немесе «Baiqa, piramida!» Telegram-боты арқылы тексеруге болады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік өкілдері басқармасының басшысы Дина Тілеубаеваның айтуынша, алаяқтар deepfake технологиясының көмегімен адамның бейнесін қолдан жасап, биометриялық сәйкестендіруден өтіп, оның атына несие рәсімдей алады. Бұл қауіптің алдын алу үшін онлайн-қарыздар биометриялық растаусыз берілмейді және Ұлттық банк жанынан антифрод-орталық құрылды.

Сарапшылар жиналғандарды оңай олжаға сенбеуге, ақпаратты тексеріп барып әрекет етуге және бұл білімді жақындарына да үйретуге шақырды.

Бұған дейін Алматыда кибер алаяқтардың әрекеті тоқтатылғанын жазған едік.

СҚО-да сарапшылар жаңа алаяқтық тәсілдерді атады
Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

 

 

Соңғы жаңалықтар