СҚО-да сегіз айда жануарлардан 1,2 мың адам зардап шекті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында адамда құтырма ауруы соңғы рет осыдан жеті жыл бұрын тіркелсе де, суықтың түсуіне байланысты мамандар қауіпсіздік шараларын еске салды.

Бұралқы жануарларды ату проблеманы шеше алмайды – заңгер
Фото: almaty.tv

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, биылғы сегіз айда 1189 адам құтырмаға қарсы көмек сұраған. Бұл өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 8,2% көп. Мәселен Петропавлда биыл 59 адам дәрігер көмегіне жүгінген, бұл былтырғымен салыстырғанда 10% артық. 

Ит қауып, тырнаудан 754 адам немесе 63%, 353 адам немесе 30% мысықтардан зардап шеккен. Сондай-ақ, 82 адамды егеуқұйрық, тышқан, тиін тістеп алған. Олардың барлығына құтырмаға қарсы вакцина егілді. 

- Жалпы СҚО бойынша жағдай тұрақты. Бірақ республика аумағында биыл құтырмамен ауыру фактілері тіркелді. Биыл екі адам осы аурудан қайтыс болды. Біреуінде үйдегі күшік қапқан, екіншісінде үй мысығы тырнаған. Зардап шеккендер уақыт өткізіп, тек жағдай ушыққанда, 1-1,5 айдан кейін ғана дәрігер көмегіне жүгінген. Алдын алу екпесі жасалмағандықтан, оларды аман алып қалу мүмкін болмады, - дейді Арман Күшбасов. 

Маманның айтуынша, ауру сілекей арқылы қапқанда, тістегенде адамға жұғады. Вирус жара арқылы еніп, жүйке жүйесін зақымдайды. Инкубациялық мерзім бір жылға дейін созылуы мүмкін. 

- Мысалы ит қапқан жағдайда жараны 15-20 минут бойы ағынды сумен сабындап жуған жөн. Бұдан кейін спиртпен немесе йодпен жараны өңдеу керек. Осыдан соң міндетті түрде емханаға барып, құтырмаға қарсы иммундаудан өту қажет. Вакцинация тегін жүргізіледі. Бұл екпенің адам денсаулығына зияны жоқ. Қазір бұрынғыдай екпені ішке салмайды, вакцина үш немесе бес рет салынады. 

Құтырма – емделмейтін ауру. Адам қатты қиналып қайтыс болады. Тек қана вакцина салдыру арқылы ғана оның алдын алуға болады, - дейді Арман Күшбасов. 

Бұған дейін Қостанай облысының Сарыкөл ауданында жеке үй ауласындағы иттен құтырма ауруы анықталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар