СҚО-да «Серпінмен» білім алған жастардың жартысына жуығы кері қайтқан
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында он жылда «Серпін» бағдарламасымен 1,4 мыңға жуық жас жоғары білім алған. Алайда түлектердің 48% ғана солтүстік өңірде тұрақтап қалған.

Петропавлда «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры филиалының ұйымдастыруымен «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» - «Серпін - 2050» мемлекеттік бағдарламасымен білім алғандарды жұмысқа орналастыру мәселесіне қатысты жиын өтті. Түлектердің тұрақтамай кетуінің объективті себептері және осы процесті шешу жолдары айтылды.
Биыл бұл бағдарламаның іске қосылғанына 10 жыл толып отыр. Сұранысқа ие педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтарын меңгерту үшін Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарының жастарына мемлекеттік білім беру гранттары берілді.
Жоба еліміздің еңбек тапшылығы бар өңірлеріндегі кадрлық әлеуетті толықтыруға, түлектерді Солтүстік Қазақстан облысында жұмысқа тартып, осы жақта қалдыруға негізделген.
2014 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін 1373 жас маман бітірді. Алайда, солардың тек 48% ғана қалып, жұмысқа орналасқан.
«Субсидия бөлініп жатыр, бірақ ол адамның тұру жағдайына беріледі. Бізде одан да басқа мәселе бар. Біз оқу бітіргесін жұмысқа орналаса аламыз ба? Біз бұл жерде жұмыс таппасақ, баспананың не қажеті бар? Жұмыс болмаса басқа жаққа кетеміз. Міне саған жұмыс, енді сен мына баспанада тұрасың десе – мұнымен келісемін.
Статистикаға қарайтын болсақ, жүз адамның тек жартысына жуығы ғана қалған. Демек бұл бағдарламаның қазір жалған жүріп жатқандығының белгісі. Бізде өңірге келушілердің саны көп болғанымен, қалушылардың саны шамалы. Қазіргі уақытта келтіру мәселесіне көп назар аударып жатыр, ал қалдыру жағы ақсап тұр. Бұл жақта жағдай жасалса, ешқандай жарнаманың қажеті болмайды, халық өзі келеді», - дейді осы бағдарламамен білім алып жатқан студент Диас Ізбасар.
Биыл мемлекеттік бағдарламамен жоғары оқу орнын 71 түлек аяқтаған. Олардың 33-іне бос жұмыс орны ұсынылса, оқу бітірісімен тек 10-ы ғана орналасқан. 36 түлек магистратураға түсуіне және екеуі декреттік демалысқа байланысты босатылған.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті өкілдерінің айтуынша, түлектердің қайтып кетуінің бірнеше себебі бар, олар: қолжетімді баспананың жоқтығы, төмен еңбекақы, жақын туыстарының болмауы, қолайсыз ауа райы және орыс тілін жетік білмеу.
2024-2025 оқу жылына «Халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердегі жастарға арналған гранттар» квотасы бойынша 25 студент, «ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары» квотасы бойынша 23 студент алынған.
Жалпы қазір «Серпін» бағдарламасы бойынша жергілікті жоғары оқу орнында 204 студент білім алып жатыр, олардың 68-і 4 курста оқиды.
Бұған дейін СҚО-да 45 ауыл жабылатындығын жазған едік.