СҚО-да шебер мүйіз бен сүйектерден таңғажайып мүсіндер жасайды

Шебер күнде біз қоқысқа тастайтын заттардың өзі пайдаға асатынын айтады.
«Біз ұлан-ғайыр далада өмір сүреміз. Табиғат-Ананың құдіретіне қайран қалмасқа лаж жоқ. Су асты әлемінде небір таңғажайып жануарлар мекендейді. Соның бәрін көрсеткім келеді. Қазақтар ежелден табиғат материалдарын шебер қолданған. Мәселен, түймені мүйіздерден жасаған, теріні пайдаланған. Қозы немесе өгіздің терісінен қамшы өрген. Бүгінгі өмірімізде осының бәрін қоқысқа лақтырамыз, егер оларды тиімді пайдаланса, тәуір бұйымдар жасауға болады», - дейді М. Андағұлов.
Шебер тек мүйіз бен сүйектерді ғана қолданумен шектелмейді. Бірақ теңіз жануарларының коллекциясында негізінен осы материалдар пайдаланылған. Жайынды қошқардың мүйізінен жасаған. Оның үстіне сызылған суреттің табиғилығы соншалық, ұстаған қолға балықтың қабыршағы білінетіндей.
«Мен қонаққа барған үйдің иелері итке ештеңе қалмайтын болды, сүйектің бәрін Марат алып кетеді деп күліседі. Кім қайда барса да, маған жұмыс істерлік материал ала келеді», - дейді шебер.
Бір мүсінді жасауға бірнеше ай кетеді. Кейде қажетті материал табылмай қояды. М. Андағұлов қазір кез келген материалды сатып алуға болатынын айтады. Бірақ оның бәрі де сәйкес келе бермейді. Үндестік болуы қажет.
М. Андағұлов педагогтік қызметке 40 жыл ғұмырын берді. Қазір балаларды шеберлікке баулып отыр. Оқушылары жаттығуға қызыға қатысып, кейде бұйымдардың нұсқаларын өздері ұсынады.
«Қолға түскеннің бәрі бұйым жасауға жұмсалады. Балалардың өздері де сабаққа бірер материал көтеріп келеді. Барлығын да өз қолымызбен, станоктарда жасаймыз. Шәкірттерімнің кейбірі дизайнер болды», - дейді ұстаз.
Шебердің айтуынша, кейде көрмеге қойылған бұйымдарын балалар сағаттап тамашалап тұрады екен.
«Табиғат бізге бәрін берген. Тек, бұзбай, қолдан келгенін жасау керек», - дейді М. Андағұлов.