СҚО-да шырша кескен екі адам ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қылқан жапырақты ағашты кескен екі тұрғынның әрқайсысы енді 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеулері мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданының 40 жастағы тұрғыны Жаңа жыл мейрамына орай үйіне шырша орнатпақ болады. Сол үшін автожолдың бойында өсіп тұрған ағашты кесіп алған. Ал Қызылжар ауданының тұрғыны қылқан жапырақты ағашты Красноярский орман шаруашылығының аумағынан кесіп жатқан кезінде ұсталған. Енді екеуі де сот алдында жауап береді. Шығын мөлшері анықталып жатыр.

Өңірде «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында табиғатты қорғау полициясы күнделікті рейдтер ұйымдастырады. Шырша кескен екі тұрғын да осындай іс-шара барысында ұсталған.

«Шырша кесу деректері өте сирек кездеседі. Солтүстікқазақстандықтар ағашты заңсыз кескеннен гөрі арнайы сауда орындарынан сатып алғанды жөн көреді», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы Сергей Липко.

Оның айтуынша, қылқан жапырақты ағаштың қайда өскені маңызды емес, оған зақым келтірген браконьерге 10, 20 немесе 30 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салынады. Бұл - мемлекетке келтірілген шығын 100 АЕК аспаған жағдайда.

Жалпы жыл басынан облыста ағашты, соның ішінде қайың мен теректі заңсыз кесудің 52 дерегі анықталды. Заңсыз аң аулаған - 15, балық аулаған 11 адам ұсталды. Аңшылық пен балық аулау талаптарын бұзған 800-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Соңғы жаңалықтар
Референдум