СҚО-да соңғы 13 жылдағы ең мол егін жиналды

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының экономикасына су тасқыны мен оның салдар әсер етпей қойған жоқ. Дегенмен негізгі салалар бойынша оң өсім байқалды. Бұл туралы өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов есептік брифингте айтып берді.

астық жинау
Фото: Дарья Аверченко

– Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы 130,2%, өнеркәсіп – 100,1%, құрылыс – 127,3%, пайдалануға берілген тұрғын үйлер – 122,9%, инвестициялар – 109,4% өсім көрсетті. Агроөнеркәсіптік кешен өңір экономикасының басты саласы болып қалады. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін 2 есеге ұлғайту міндетін қойды. Өңірдің бұл мақсатқа қол жеткізу әлеуеті айтарлықтай жоғары, - деді Ғауез Нұрмұхамбетов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Әкімнің айтуынша, биылғы егін жинау жұмыстары соңғы 13 жылдағы ең табысты науқанның бірі болды.

– Аграршылар 6,2 млн тоннадан астам астық жинады, өнімділігі 18,6 ц/га. Республика бойынша дәнді дақылдар өсіретін өңірлер арасында екінші орында тұрмыз. 55 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оған қоса, астықты кептіру үшін қосымша 20 мың тонна отын бағытталды, - деді спикер.

Оның айтуынша, биыл қолданылатын минералды тыңайтқыштардың көлемі едәуір ұлғайды, өткен жылы 190 мың тонна қолданылса, биыл – 256,6 мың тонна себілді.

– Жыл басынан бері аграршылар 58 млрд теңгеге 2 мыңнан астам техника мен жабдық сатып алды. Алғаш рет отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бағдарламасы іске қосылды, оның соңғы мөлшерлемесі жылдық 5% құрады, - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі көктемгі су тасқыны салдары қалай қалпына келтірілгенін айтып берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар