СҚО-да сотталғандар кәсіпкерлік негізін меңгеріп, қаржылық сауатын арттырады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 200 сотталған жазасын өтеп шыққаннан кейін өз ісін ашуға мүмкіндік алмақ.

СҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру және қоғамға бейімдеу мақсатында СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Екі тараптың келісімі бойынша, енді өңірдегі №48 және №50 түзеу мекемелеріндегі сотталғандар үшін қысқамерзімді курстар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.
– Бұл келісім – әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуде күш біріктірудің маңызды қадамы. Біз сотталғандарды кәсіби оқыту арқылы олардың болашақта қоғамға сәтті бейімделуіне жағдай жасаймыз, - дейді СКО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Кәсіпкерлер палатасы оқу процесін ұйымдастырады.СҚО ҚАЖД – оқу үшін арнайы бөлмелер мен жағдай жасайды. Оқу аяқталған соң қатысушыларға арнайы сертификаттар беріледі.
Сотталғандар кәсіпкерліктің негіздері мен қаржылық сауаттылық бойынша теориялық және практикалық сабақтардан өтеді.

Алғашқы кезеңде екі мекемеден 120 адамды қамту жоспарланған. Ал жалпы алғанда, шамамен 200 адам оқып шықпақ.
– Мұндай жобалар сотталғандарға тек жаңа дағдылар үйретіп қана қоймай, оларды болашақта қоғамға бейімделуге көмектеседі. Бұл жұмыс табуына және қылмысқа қайта бармауына сеп болады. Яғни, қылмыс деңгейін төмендетуге және әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға бағытталған нақты қадам, - дейді СҚО ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Есенов.
2024–2025 оқу жылында өңір бойынша 244 сотталған 11 түрлі мамандық бойынша кәсіби диплом алған. Биыл тағы 250 адам кәсіп меңгеріп жатыр.
Ал меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енді және ұзақ мерзімді, тұрақты әріптестікке жол ашады.
Бұған дейін Петропавлда сорғы станциясын жөндеуге арналған қаражатты жымқырған басшы жазаланғанын жазған едік.